Жергілікті органдар мектептерді бейнекамералармен жабықтау үшін арнайы бағдарлама әзірлеуі қажет. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі отырысында еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Балаларға арналған спорт секциялары мен клубтар жетіспейді. Қазіргі уақытта республикада мектептер жанында 9 мыңнан астам спорт алаңы бар. Бірақ, спорт секцияларымен оқушылардың тек қана 27 пайызы қамтылған. Ресеймен салыстырсақ, оларда 82 пайыз қамтылған. Спорттық инфрақұрымды жаппай дамыту керек», — деді ол.
Министр деректеріне қарағанда, мектептерге 1300-ден астам спорт залы жетіспейді. Бұл мәселені депутаттар да көтеруде. Осыған орай алдағы бюджетте министрлік қаржыландыру бойынша құжаттар енгізетін болады.
«Қылмыс жасаудың алын алу мақсатында 5 мыңға жуық білім беру ұйымында бейнекамералар орнатылды. Бұл білім беру ұйымдарының жалпы санының тек қана 36 пайызын құрайды. Бұл өте тиімді тетік. Осыған жергілікті органдар арнайы бағдарлама жасап, қаржыландыруы қажет», — деді Е.Сағадиев.