Қыркүйек айының соңында Ресейдің Анапа қаласында кикбоксингтен жасөспірімдер арасында Әлем кубогі өткен болатын. 27 мемлекеттен 800-ге жуық спортшы қатысқан жарыста ОҚО Төлеби аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері жүзден жүйрік шығып, жүлдегер атанды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының құрама сапында өнер көрсеткен спортшылар – 48 келі салмақтағы Базарова Сая мен 45 келі салмақтағы Нұрпапа Камшат жүлделі ІІ орынды иеленіп қайтты. С.Базарова Көксәйектегі ОҚО Орта Азиялық медициналық колледждің 2 курс студенті болса, К.Нұрпапа «Жеңіс» атындағы жалпы білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы. Сондай-ақ, қыркүйектің соңы мен қазан айының басында Ресейдің Челябинск қаласында бокстан халықаралық турнир өткен болатын. Бұл турнирде де төлебилік Аида Тұяқбай (54 келі салмақта) І орынды иеленді.