Бүкіл республикаға «Ақ алтын өндіру зауыты» деген атпен танылған Мақтарал ауданының шаруалары соңғы 10 жылда қауын-қарбыз өсірумен де танымал бола бастады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Бүгінде мақтаралдық диқандар қауын-қарбыз өсіруді шебер меңгеріп, бақша дақылдарының экспортқа жарамды неше түрлі сорттарын жасап шығаруда.
Бір ғана мысал, мақтаралдық диқандар биыл 28 мың гектар жерден 610 мың тонна қауын-қарбыз алса, соның 450 мың тоннасын шет ел нарығына шығарған. Бұл гектарынан 263 центнерден өнім алып, өткен жылмен салыстырғанда 25 центнерге артық қауын-қарбыз жинаған мырзашөлдіктер бақша дақылдарын өсіруден Орта Азияның көшбасшысы екендігін дәлелдейді.
Мақтаралдың бау-бақша өнімдерінен көл-көсір пайданы ресейлік және беларусьтік кәсіпкерлер де көріп отыр. Оңтүстіктен жеткен қауын-қарбызды осы теріскейдегі көршілер Батыс Еуропа мемлекеттеріне тасымалдайды екен.
Мәселен, ресейлік бизнесмен Станислав Каспаров: «Мақтаралды «Қауын-қарбыздың Отаны» деп санаймыз. Бұл жердің қауын-қарбызының дәмі ерекше тәтті. Сол себепті, Мәскеу мен Минск қалалары осы жердің өніміне тапсырыс береді. Біз осы жерден жеткізіп тұрамыз», — дейді бір сұхбатында.
Айта кету керек, Орта Азияда Түркіменстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдері қауын өсірумен айналысады. Дегенмен, «Еуразиялық экономикалық Одақтың» арқасында Мақтарал ауданының шаруалары өнімдерін Ресей мен Белоруссияға оңай экспорттап, кедендік мәселелердің болмауының арқасында шет елдерге жол тартуда.