ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өз қызметкерлерін жұмыстан уақтылы үйлеріне жібереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жұмыстан 18-00-де жіберетін боламыз. Қорықпаңыздар. Қазірдің өзінде біз жұмыстан дәл осы уақытта босатудамыз. Бүгінде барлық сәттерді қарастырып, келісудеміз. Біз өзіміз сағат 18-00-де жұмыстан босатуға тырысамыз. Бізде еңбек заңнамасы талаптарын барынша қатаң орындау туралы нұсқаулық болды. Мен бұл істі Үкіметтен бастауды ұсындым. Өйткені, егерде оны әуелі Үкімет бастайтын болса, соған орай қалғандарына да біршама жеңіл болар еді. Біз өзіміздің министрлікте бұл процесті бастадық. Бұл қандай нәтиже беретіндігін күтейік», — деді Сағадиев «Bolashak Alumni Reunion Conference and Education Fair — 2016 (BARCEF — 2016)» «Болашақ» бағдарламасының III халықаралық конференциясы асында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Айта кетейік, осы аптада өткен Үкімет отырысында еліміздің білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мемлекеттік қызметшілерді үйлеріне, балаларының жанына кешкі 6-дан кейін жіберу қажет деген бастама көтерген болатын.
«Ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі рөлі мен жауапкершілігі төмендеп кетті. Ата-аналар үнемі жұмыста болғандықтан, баланың тәрбиесімен айналысуға уақыты болмайды. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер де көп. Қазіргі уақытта тек 10-12 пайыз ата-аналар ғана мектептегі жиналысқа қатысады. Біздің есебіміз бойынша, ата-аналардың 50 пайызы 11 жылдың ішінде мектептерге келмейді. Біздің ойымызша, ата-аналарды сағат 6-дан кейін уақытында үйлеріне, балаларына жіберу тәжірибесін бастау қажет», — деді Сағадиев.