Алматы облысы бойынша жыл басынан бері осы кезге дейін 1034 өрт тіркелген. Салдарынан 22 адам қаза болған, 46 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алған.
Соның ішінде тұрғын үй секторларында тіркелген оқиға саны — 731, ал оның салдарынан 43 млн. 987 мың теңге материалдық шығын келген. Мұнда да адам қазасы орын алған. Өкінішке қарай, ата-ана қарауынсыз қалған екі бала отпен ойнап көз жұмған. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мәлімдеді.
Тұрғын үй секторларында адам өліміне әкеліп соқтыратын негізгі себептер пештерді пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі және электр қондырғыларын техникалық пайдадалану ережелерін ерен санамау, мас күйінде төсекте жатып темекі шегу сияқты қам-қарекетсіздіктер болып отыр.
Бүгінгі таңда тұрғындардың улы газдан улану себептері жиілеп барады деп дабыл қағып отыр мамандар. Былтырғы от жағу маусымының басынан және аяқталғанға дейін 363 адам улы газбен уланған, оның 133-і бала. 23 адам қаза тапқан, оның 4-уі балдырған.
Ал, ағымдағы жылдың басынан бері тұрғын үй секторларында 246 адам уланып, оның ішінде 13-і өмірімен қоштасқан. Бұл көрсеткіштер былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 25%-ға өскен.
— Жылу беру маусымы басталар алдында пештер тексеріліп, түтіндіктері тазаланып, сылануы керек. Пештерді жөндеу және қалауды тек қана осы жұмысты атқаруға арнайы лицензиясы бар тұлғаларға немесе ұйымдарға сеніп тапсыруға болады. Пештер, түтін шығаратын мұржалар ағаш шатырларымен қиылысатын орындары кірпішпен жуандалып қалануы керек. Пеш қабырғаларының жуандығы туралы да ұмытпаған жөн. Айналып келгенде мұның бәрі баршамыздың амандығымыз үшін, — дейді Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызметі басқармасының бастығы Ю.Чернышов.