Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай еліміздегі қазақ-түрік лицейлерінің атауы өзгеретін болды.
«Ұлт көшбасшысының тікелей қамқорлығының арқасында Қазақстанда «KATEV» халықаралық қоғамдық қоры білім беру саласында өзіндік орнын тапты деуге болады. Осының нәтижесінде қазақ-түрік лицейлерінің жұмысы жанданды. Қор басшылығының шешімімен (Қордың Құрылтайшылар кеңесі мен Қордың Ғылыми-әдістемелік кеңесі), оқушылар, ата-аналар мен лицей директорлары ҚТЛ атауына «ребрендинг» жасау, яғни «Білім – инновация лицейі» деп өзгерту туралы бастаманы қолдап отыр. Лицей атауын өзгерту Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орайластырылған», — деп мәлімдеді қордың баспасөз қызметінен.
Айта кетсек, «KATEV» халықаралық қоғамдық қоры Қазақстан мен Түркия арасында білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылды. Қазіргі таңда «KATEV» ХҚҚ басқаруында 27 мемлекеттік қазақ-түрік лицейі бар.