Талдықорғанға Астана қаласының «Жастар театры» гастрольдік сапармен келді.
Гастроль кезінде талдықорғандық театрсүйер қауымға бірнеше қойылым ұсынылуда. Атап айтқанда, С. Жүнісовтің «Тырау, тырау, тырналар», Б. Соқпақбаевтың «Көзіме бір көрінсең бала ғашық», С. Дүйсембиевтің «Махаббат миниатюралары», Н. Гогольдің «Ревизор» шығармалары, сол сияқты балаларға арнап М. Әуезханұлының «Ақыл патшалығында» атты ертегісі қойылып жатыр. Спектакльдердің барлығы да І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтуде.
Театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР мәдениет саласына еңбек сіңірген қайраткер Нұрқанат Жақыпбайдың айтуынша, театр құрылған 9 жылдың ішінде өнер ұжымының репертуары 40-қа жуық қойылыммен толықты. Оның арасында классикалық шығармалардың қойылымы да, заманауи интерпретациялар да бар. Актерлік труппа жастардан қалыптасқан, мұнда жасы 30-ға дейінгі өнерпаздар өнер көрсетуде, бірақ жастығына қарамастан олар талантымен танылып үлгерген. Театр түрлі республикалық және халықаралық фестивальдардан 10 Гран-при жүлдесін жеңіп алған.
Алдағы уақытта «Жастар театры» Орта Азия бойынша өтетін VI Халықаралық фестивальға қатысып, үздіктер қатарынан көрінсек деп үміттеніп отыр. Онда қазылар алқасының назарына У. Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясын ұсынбақ. Фестиваль Б. Римова атындағы облыстық драма театры сахнасында 23-28 қазан аралығында өтпек.
Жалпы, «Жастар театрының» гастрольдік сапары 15 қазанда басталып, 20 қазанда аяқталады.