Шымкентте «Жаңа ақпараттық саясат: бағдар мен болашақ» ІІ республикалық журналистер форумы өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Өңірлердің бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосқан шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, «Түркістан» газетінің бас редакторы Пәттеев Шамшидин, «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің директор- бас редакторы Жүсіп Нұртөре, Түркия Республикасы «ЖиҺан» ақпарат агенттігінің Қазақстандағы өкілі Иылдыз Доған, «Жас Қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл, «Қаламгер — Медиа» орталығы ЖШС атқарушы директоры Әшімжан Жанарбек, «Хабар 24» телеарнасының шеф-редакторы Қожаев Шалқар сынды бірқатар республикалық, облыстық және аудан, қалалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен ұстаз-ғалымдар, халықаралық ақпарат агенттіктерінің өкілдері қатысты.
Форумның ашылу салтанатында сөз алған аймақ басшысы Ж.Түймебаев ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтіп жатқан бүгінгі басқосу – Елбасымыз Н.Назарбаев айқындап берген «100 нақты қадам – Ұлт жоспарын» орындау мақсатындағы маңызды жиынның бірі екенін атап өтіп, болашақ пен ақпараттық саясатқа жаңаша бағдар көрсетуде осынау журналистермен болатын диалог алаңының маңызды екенін жеткізді. Сөз соңында форум жұмысына сәттілік тілеп, ел дамуына өз үлестерін қосып отырған барша журналистерге алғысын білдірді.
Шарада «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің директор- бас редакторы Жүсіп Нұртөре аталған форум ақпараттық ілгерлету бойынша республика көлемінде өткізіліп отырған екінші жиын болып табылатынын атап өтті. «Бұл аймақ басшылығының және өңірдегі журналист қауымдастығының жаңа ақпараттық саясатқа ерекше мән маңыз беріп отырғандығын аңғартады»,-деді Жүсіп Нұртөре.
Сонымен қатар, форумға қатысушылар «Тәуелсіздік құндылықтарын қалыптастырудағы БАҚ-тың маңызы», «Медиакеңістіктегі бәсеке, дәстүрлі БАҚ-тың болашағы» тақырыптары бойынша баяндама жасап, пікір алмасты. Ақпараттық саясаттың болашағы туралы ойларын ортаға салды.