40-қа жуық елордалық жұмыс беруші мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа қабылдауға дайын екенін білдірген.
Астана қаласының жұмыспен қамту орталығы мамандарының хабарлауынша, бүгінгі күні мүгедектігі бар 549 адам жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылған. Оның ішінде 327 адам — қоғамдық жұмыстарға, 194-і тұрақты жұмысқа орналастырылса, 16 адам әлеуметтік жұмыс орындарына алынды. Бұл ретте бастапқы жұмыс тәжірибесіне ие болу мақсатында 6 адам жастар тәжірибесінен өтті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Елордалық Жұмыспен қамту орталығының мәліметтер базасында мүгедектерге арналған 100-ге жуық бос орын бар, онда жұмыс мамандықтарынан басқа, логист, маркетолог, несиелік менеджер, бағдарламашы, компьютерлік тігу маманы, лаборант, дизайнер, механик-бақылаушы, ағылшын тілін білетін оқытушының көмекшісі, түрлі разрядтағы тігіншілер, және артистердің бос орындары бар.