ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Сайрам ауданында болып, бірқатар шаруашылықтардың жұмысымен танысты.
Ең алдымен, әкім ауданның Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі «Қайып-Ата» ЖШС-не барып, ет комбинатын аралады. Ет өндіріп, оны буып-түюмен айналысатын серіктестікте 30 адам жұмыспен қамтылған. Жылына 320 тонна ет өңдеуге қауқарлы комбинатта тәулігіне 300 бас ірі қара сойылады. Қожалық басшылығы келесі жылы кәсіпорынды кеңейтіп, ет өңдейтін құрал-жабдықтар қою арқылы шұжық өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр.
Шаруашылықтың мән-жайына қанық болған Ж.Түймебаев Сайрамға жақын аудандарда бордақыланған төрт түлікті аталған ет комбинатында сойып, жұмысты орталықтандыру туралы тапсырма берді.
Айта кетейік, «Қайып ата» ЖШС-і мал бордақылау алаңы ретінде 2011 жылы Қазығұрт ауданынан ашылған шаруашылық. Бастапқыда 1 мың бас ірі қараны бордақылаған қожалықта бүгінгі таңда 3 мың бастан астам мал бар. Қыс мезгіліне дейін мұндағы ірі қараның басын 5 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.
Мұнан соң, өңір басшысы Айтеке би ауылындағы «Dala-frut.kz» ЖШС-нің (Green Land) жеміс бауын тамашалады. 100 гектардан астам жерге үш жылдан бері алма және қара өрік жемістерінің көшеттері егілген. Баққа заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған тамшылатып суғару әдісі және шпалерлі жүйе қолданылуда.
Кәсіпорын бүгінгі таңда 1 га жер телімінде «Заманауи технологиялы сыйымдылығы 10 мың тоннаға дейін көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын қойма» жобасының құрылысын бастады. Оны соғу үшін кәсіпкер «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының сусидиялау бағыты бойынша қолдау алып отыр. Сондай-ақ, болашақта 7 га жерге қияр мен қызанаққа арналған жылыжай салуды жоспарлап қойған.
Бұл ретте, аймақ басшысы аталған қарқынды баудың жұмыс тәжірибесімен өзге де аудандардың танысуы қажеттігін алға тартып, мұндағы шетелдік көшеттерді ондағы шаруалар да егуі керектігін айтты.
Жұмыс сапары барысында Жансейіт Қансейітұлы жұмыс тәртібіндегі жоспардан тыс Сайрамның Қарабұлақ ауылына қарасты Ұлықбек атындағы №81 мектепте болды. Ондағы жылу жүйесінің қаншалықты деңгейде жұмыс істеп жатқанын бақылаған әкім электр қуатының үздіксіз беріліп жатқанына көзін жеткізді. Ақсукент ауылындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысы да облыс басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Шағын және орта бизнесті дамытып, аудандағы кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту керектігіне тоқталған аймақ басшысы жүйені оңтайландыруды жүктеді. Сондай-ақ, ол орталықта түрлі іс-шаралар өткізуді тапсырды.
Сапар соңында Ж.Түймебаев Сайрам ауданының активімен кездесіп, аудан басшысы Самат Сапарбаевтың 9 айда атқарған жұмыстарының барысын тыңдады. Сайрамның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері айтылған жиында алдағы жылға межеленген жоспар жайы да мәлім етілді.
Келтірілген мәліметтерді мұқият тыңдаған өңір басшысы бірқатар салалар бойынша аудан басшылығына сын, ескертпелер айтты. Әсіресе, Сайрамның тазалық мәселесіне көңілі толмаған Ж.Қансейітұлы облыс орталығы – Шымкентке жақын орналасқан аудан ретінде Сайрам ауданын қоқыстан тазартуды жүктеді. Сонымен бірге, жер қойнауын пайдалану жұмыстарын ретке келтіруді тапсырды. Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бойынша аудан көрсеткіші төменгі деңгейде екенін айтқан әкім әрбір мемлекеттік қызметкер өз міндетіне жауапты болуы керектігін ескертті.