Түрлі мемлекеттік түсімдер ел экономикасының қуатты экономикалық тетігі ретінде пайдаланылады. Сондықтан Алматы облысының қазынасына түсетін барлық мемлекеттік түсімдер де облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының жіті назарында. Соның нәтижесінде бюджетке түсетін қаражат көлемі жылдан жылға ұлғайып отыр. Мәселен, үстіміздегі жылдың 9 айында салық түсімі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6,2 млрд. теңгеге артық жиналған. Яғни, 2015 жылғы көрсеткіш 181,4 млрд. теңге болса, биыл 187,6 млрд. теңгеге қол жеткізіліген. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Таукен Ошақбаев атап өтті.
Сонымен қатар, брифинг қонағы мүлікті заңдастыру тақырыбына да тоқталды. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 41-қадамда «Мүлікті және қаржыны заңдастыру ресімдерін оңайлату» туралы айтылған. Былтыр мүлікті заңдастыру жүйесін оңтайландыру ережесі күшіне енгелі бері Жетісудай аграрлы өңірде де бұл бағытта оң нәтиже байқалады. Мәселен, мүлікті заңдастыру туралы акция басталған 2014 жылы Алматы облысы бойынша бағалау құны 108,2 млн. теңгені құрайтын мүлікті жария етуге бар болғаны бір өтініш түскен болатын. Ал, 2015 жылдың желтоқсанынан бастап өтініш берушілер қатары артқан. Нақтырақ айтсақ, 2015-2016 жылдар аралығында 96 өтініш қаралып, 11,4 млрд. теңгенің мүлкі заңдастырылған.
Алматы облысында биыл да жалғасын тапқан «Түбіртекті талап етіңіз де, жүлдені ұтып алыңыз!» акциясынан да күтеріміз мол деп отыр облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері. Кез келген тұтынушы сауда жасаған орнынан түбіртекті талап етуге құқылы. Түбіртектің санына шектеу жоқ. Сондай-ақ, түбіртекті суретке түсіріп алып, оны Wipon қосымшасы арқылы жібересіз. Егер түбіртекті беруден бас тартқан жағдайда, сол нысанды суретке түсіріп алып, осы қосымша арқылы арыз-шағымыңызды да жолдай аласыз.
Үстіміздегі жылдың 1 қазан – 30 қараша аралығында көрініс табатын аталған науқанға былтыр облыстың 20,0 мыңнан астам тұрғыны атсалысқан болатын. Бұл акцияның мақсаты — тұрғындармен ақшалай есеп айырысу барысында бақылау-касса машиналарын қолданудың әлеуметтік-экономикалық маңыздылығы туралы қоғамдық көзқарас қалыптастыру; бақылау-касса машиналарын қолдану туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарымен салық төлеушілер мен жалпы жұртшылықты ақпараттандыру; бақылау-касса машиналарын қолдану жолымен Қазақстандық салық төлеушілер арасында салық тәртібін күшейту арқылы бюджетке салық төлмедерінің түсімін арттыру.
— Әр азамат осы акцияға қатысу арқылы еліміздегі көлеңкелі экономика көлемінің азаюына және кәсіпкерлер арасында адал бәсекелестіктің дамуына өз үлестерін қосатындығына шүбәміз жоқ, — дейді Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Таукен Ошақбаев.