Мектеп демалысы кезінде елордалық мәдениет мекемелері оқушыларға арнап ерекше бағдарлама әзірлеп отыр. Астаналық цирк, М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық драма театры, сондай-ақ, Астана қаласының Қуыршақ театры каникулға орай өз репертуарларын түзетті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық драма театры 5 қарашада сағат 18:00-де оқушыларды қазақ халқының батырлар жыры — «Алпамыс» эпосының желісімен қойылған «Дала аңызы» әфсанасының премьерасына шақырады. Батырлық эпос қазақстандықтардың жас буынын патриоттық тәрбиелеу және Отанын қорғауға дайындық мақсатында репертуарға енгізілді. Қойылымды 6 қарашада сағат 18:00 де тамашалауға болады.
Сондай-ақ, 6 қарашада сағат 11:00-де театрда С. Астраханцевтың «Братец Лис и Братец Кролик» ертегісінің қойылымы өтеді.
5-6 қарашада сағат 12:00-де және 14:00-де Астана қаласының Қуыршақ театрында (Республика даңғ., 3) балет жанрындағы «Менің салған суретім» («Это я нарисовал») спектаклі көрсетіледі. Қойылымда жер бетіндегі тірі жандардың пайда болуы туралы әңгімеленеді.