Патрульдік автокөлік бейнетіркегіштермен, радармен, бейнебақылау камераларымен және қоғамдық тәртіптің сақталуына жасырын бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін басқа да арнайы техника құралдарымен жабдықталған, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Тану белгілері (түрлі-түсті-графикалық схемалары және борттық номері) жоқ, Астана қ. ІІД көк түсті номерлік белгілері бар автопатруль жолда жүру ережелерін өрескел бұзу әрекеттерін анықтап, жолын кесетін болады.
Сондай-ақ, жол үстінде автопатруль қоғамдық тәртіпті бақылайды. Бұзушылықтар анықталған жағдайда, барлығы фото/бейне түрінде тіркеледі, одан ары экипаж шара қабылдау үшін жақын маңдағы патрульдік-бекеттік жасаққа немесе кезекшіге хабарлайды. Астана қ. ІІД Жергілікті полиция қызметінің мәліметтеріне сәйкес, 2016 жылдың 28 қазанынан 2 қарашасына дейінгі кезеңде жолда жүру ережелерін бұзудың 170 дерегі тіркелген, оның ішінде 100-ден аса жүргізуші 5.10.1 (бағыттық көлік құралдарына арналған жолағы бар жол) жол белгісінің талаптарын назарға алмаған.