Қазақстандық жас режиссер Жасұлан Пошановтың «Шлагбаум» кинотуындысы 8 қазан күні отандық прокатта көрсетіле бастайды.
Бұл фильм «Партизандық кино» қозғалысы аясын да түсірілген болатын. Яғни, үш бастапқы қағида негізінде: бюджеттің болмауы немесе оның тым аз болуы, өзекті әлеуметтік аспект, шектелген реализм мен қарсылқ формасы.
Естеріңізге сала кетейік, аталған фильм осы жылдың маусым айында Мәскеуде өткен Халықаралық кинофестивальге қатысып, осы фильмдегі ойыны үшін актер Еркебұлан Дайыров «Ең үздік ер адам рөлі» номинациясын жеңіп алған болатын.
Ал, фильм режиссері Жасұлан Пошанов көпшілікке «Жел қызы» (2010 ж.), «Жұлдыздарға арналған коктейль-2» (2011 ж.) фильмдері мен «Сұңқар» (2013 ж.), «Күләш» (2013 ж.) сериалдары арқылы жақсы таныс.
«Шлагбаум» фильмінің сюжеті өмірде болған оқиға желісімен түсірілген. Бұл туынды қоғамда белең алған әлеуметтік мәселелерді көтереді.
Фильмдегі басты рөлдерді танымал актер Еркебұлан Дайыров, әнші, әрі актер Дидар Каден және Алдаберген Шалбаев сомдайды.