Күзгі мұз қату – өзен, көлдер мен су айдындарындағы алғашқы мұздың қатуы. Алғашқы мұз конькимен сырғанауға, балық аулауға ғана емес жолды қысқартып, сықырлақ мұздың үстімен жүруге де шақырып тұратын сыңайлы. Шын мәнінде, ол жұқа, қауіпсіз емес және адам салмағын көтере алмағандықтан өте қауіпті болып табылады.
Осыған байланысты елордалық жедел әрекет ету қызметтері қала тұрғындары мен қонақтарына күзгі жұқа мұздың қауіптілігі жайында ескертеді және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Мамандардың айтуынша, бақытсыз жағдайларға жол бермеу үшін қауіпсіздік шараларын сақтау керек. Мұздың қалыңдығы 10-12 см-ге жеткен кезде ғана оның бетіне шығу қауіпсіз болады. Сондай-ақ, мұздың беті қармен жабылған жерлермен жүрмеуге тырысқан абзал, себебі ондай жерлерде мұз әлдеқайда баяу қатады. Кей жағдайларда су айдынының бетіндегі мұздың қалыңдығы 10 см-ді құраса, ал қардың астында қалыңдығы 3 см-ді құрайды.
Астана қаласының ТЖД хабарлауынша, ағымдағы жылдың 6 қарашасында Есіл өзеніндегі ойыққа малту кезінде 1964 жылы туған ер азамат суға батып кетті.