Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт аудандық мәдениет сарайында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Домбыра-думан» атты кеш болып өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Іс-шараның негізгі мақсаттарының бірі жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу, домбыра аспабын кәсіби кәсіби деңгейде меңгерулеріне мүмкіндік жасау, өнерпаздарға кең жол ашып, қолдау көрсету болып табылды.
«Домбыра думан» шарасында домбырашы жастар ән салып, күй шертіп, жиналған көпшілікке өнер көрсететті. «Домбыра думан» атауын алған бастаманың басты мақсаты — домбыраны, қазақ өнерін насихаттау.
Бұл іс-шарада музыка мектебінен Мақсұт Шыршықбай, Әбдірашит Әміре, Атбұлақ ауылынан Ислам Мақсат, мәдениет сарайының әншілері Нұрхан Байтұрсынов, Сакен Шаумаровтар өз өнерлерін ортаға салды. Олар халық әні «Ой қарағай», Абайдың «Татьянаның хаты», Кенен Әзірбаевтың «Бастау» әндерін және Құрманғазының «Ақсақ құлан», Динаның «Наурыз», Қазанғаптың «18 жасар Балжан қыз», Т.Момбековтың «Ерке сылқым», «Салтанат» және т.б. күйлерін орындады.
Іс-шараға қатысушылар қазақтың ұлттық құндылықтарын насихаттау арқылы әлем жұртшылығы домбыраны тану арқылы қазақтай өнерпаз елдің мәртебесі қашан да биік екенін ұғынды. Ата-бабаларымыздан асыл мұра боп жеткен домбыраның шанағынан жыр сорғалатып, күй төгетін өнерпаздарымыздың мерей үстем болсын, ұлт құндылығын жас ұрпақ жатсынбасын, деген ниетпен думанды кеш аяқталды.