Кеше Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев суретшілерді қолдау, өнерін насихаттау, пікір алмасу, сондай-ақ, осы бағытты дамыту мақсатындағы ұсыныстарды талқылау мақсатында облыстық бейнелеу өнері музейінде болды, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Онда аймақ басшысы суретшілер одағының мүшелерімен кездесіп, саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, жиынға ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ресей, Қырғызстан Көркемөнер академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ерболат Төлепбай қатысты.
Отырыс барысында Қазақстан Суретшілер Одағы облыстық филиалының директоры Нұрлан Шилібаев өнер адамдарының әлеуметтік жағдайын жасау мәселесін көтеріп, шығармашылықпен айналысатын жұмыс орнының жоқтығына алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ, жергілікті суретшілердің туындыларын аталған бейнелеу өнері музейінің қорына сатып алу жайын қозғап, түрлі тақырыпта жоспардан тыс жылына екі рет көрме ұйымдастыруды сұрады. Филиал директоры өз баяндамасында облыс суретшілерінің шығармаларын халықаралық деңгейге көтеруды ұсынып, суретшілер шеберханасын құру қажеттігіне тоқталды.
Мұнан соң, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Ерболат Төлепбай сөз сөйлеп, саладағы өзге де өзекті жайттар бойынша ойын білдірсе, суретші, қолөнер шебері Кендебай Қарабдалов өзі тап болған кедергілер ретін аймақ басшысының алдына көлденең қойды.
Осынау проблемаларға қанық болған аймақ басшысы нарықтық экономика заманында әрбір азамат күні-түні жұмыс істеп, еліміздің көркеюіне атсалысу қажеттігіне назар аударды. Шығармашылық өкілдерінің жұмысын тек жергілікті деңгейде ғана емес, халықаралық дәрежеде көрме ұйымдастыру арқылы өткізу керектігін айтқан әкім облыста заманауи талаптарға сай жаңадан Оңтүстік Қазақстан облысының көркемсурет галереясының салынатынын жеткізді.
«Оңтүстік Қазақстан облысының көркемсурет галереясын салу туралы тапсырма бердім. Өйткені, сурет күтімді талап етеді. Маманданған жаңа ғимарат салынған соң, күн тәртібіндегі мәселелер өз ретімен шешімін табады деп ойлаймын. Сондай-ақ, мұнда шеберлік сабақтарын ұйымдастырып, симпозиум өткізу жайын қарастыратын боламыз», — деді Ж.Түймебаев.
Айта кету керек, 2009 жылы суретшілерге қолдау көрсету, олардың шығармашылығын насихаттау мақсатында ашылған Көркемсурет галереясының жанынан 2015 жылы жаңа заманауи тұрғыда қосымша ғимарат салынып, нысан өз алдына «Бейнелеу өнері музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны ретінде қайта құрылған болатын. Бүгінгі таңда, мұндағы шығармашылық туындыларының жалпы қоры 1015 дананы құрайды.
Өңірімізде Қазақстан Суретшілер одағының 88 мүшесі бар болса, оның 2-уі ҚР еңбек сіңірген қайраткері, 1-уі ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 15-і «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері.