Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен әкімдіктің кезекті мәжілісі өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Күн тәртібінде мал шаруашылығын, мәдениет саласын, туризмді дамыту мәселелері мен перспективаларын, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жайы мен коммуналдық меншіктің сақталуы және пайдалануын бақылау сынды 5 мәселе қаралды.
Жиында жоғарыда аталған бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков мал шаруашылығы бойынша соңғы екі жылда ірі қара мал саны 35 мыңға артып 865 мың басты құрағанын, қой-ешкі 155 мыңнан 3 млн. 893 мыңға өскенін, ал жылқы 16 мыңға артып 230 мыңға жеткенін айтты.
Сонымен қатар, ол мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өтті. Мәселен, ет өндіру 111,4%-ға, сүт өндіру – 104,8 %-ға, жұмыртқа өндіру – 112,1 %-ға, жүн өндіру 110,1 %-ға артқан.
Дегенмен, облыста мал саны мен өнімдері артқанымен келесі аудандарда төмен көрсеткіш байқалуда. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысымен ІҚМ саны Бәйдібек, Ордабасы, Қазығұрт аудандарында, уақ мал Бәйдібек, Ордабасы, Созақ, Төлеби аудандарында, жылқы Бәйдібек, Түлкібас аудандарында, түйе Бәйдібек, Сарыағаш, Түлкібас аудандарында, құс саны Бәйдібек, Қазығұрт, Сайрам, Түлкібас аудандарында кеміген.
Осы жайттарды ескерген облыс әкімі жалпы мал шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі шаралар азайғанына тоқталды.
«Осы бағыттағы ең басты мақсат – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Табиғаты қолайлы өңір бола тұра, біз 25 жылда ішкі нарықты мал шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз ете алмай келеміз. Бізде шығарылатын өнімдер бәсекеге кабілеті төмен, сондықтан басқа облыстарды былай қойғанда, біздің тұтынушылар шет елдің өнімдерін сатып алуға мәжбүр»,-деді Ж.Түймебаев.
Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамытудың басты мәселесі — бұл ветеринариялық қауіпсіздік екенін айтқан әкім бұл мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізілмей отырғандығына тоқталды.
Мәселен, былтырғы жылмен салыстырғанда адамды кене шағу фактісі 40,4 пайызға өскен. Бұл залалсыздандыру жұмыстарының уақытылы жүрмеуінен болып отыр.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша мәдениет басқармасының 2017-2020 жылдарға арналған даму жоспары бойынша басқарма басшысы Нұрболат Ахметжанов мәлімдеме жасады.
Оның айтуынша, жыл басынан бері өңірдегі мәдениет және өнер мекемелерінде 23021 әртүрлі мәдени іс-шаралар өткізілген. Ал, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған бірқатар жаңа іс-шаралар қолға алынған.
Сондай-ақ, ол Сарыағаш ауданында 5 ауылдық мәдениет үйі мен Шардара аудандық музейінің жаңа ғимараты пайдалануға берілгенін жеткізді.
Жасалған баяндамаға қанағаттанбаған облыс әкімі әрбір іс рухани тұрғыдан жасалу қажеттігіне тоқталды.
— Мәдениет басқармасы өкінішке орай, аудан, қалалардағы мәселелерге тіптен көңіл бөлмейді. Қазір, көптеген ауылдарда мәдениет ошақтары мүлдем жоқ, ал барлары қаңырап бос тұр. Қарапайым халық үшін мәдени іс-шаралар ұйымдастырылмайды. Тұрғындардың коммерциялық концерттерден басқа баратын мәдени іс-шаралары жоқтың қасы, — деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, Мәдениет басқармасы ұрпақтар сабақтастығы бойынша тәрбиелік мәні бар, дәстүрлі мәдениет пен әдет-ғұрыпты болашақ ұрпаққа жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілмей отырғандығын айтқан әкім қазіргі жастарға төл мәдениетімізді, дәстүрімізді жеткізу – біздің тарихы жауапкершілігіміз екенін атап өтті.
Оңтүстік Қазақстан облысының туризмі инфрақұрылымды дамыту, маркетинг, қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша 3 бағытта дамытылып отыр. Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Марат Қарабаев баяндама жасады.
Осы бағыттарға сәйкес, ол ұзақ және қысқа мерзімді іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып келетінін айтқан ол аталған жұмыстарды жандандыру мақсатында бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Оңтүстік Қазақстан туристік аймаққа айналуы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын айтқан аймақ басшысы 5 миллион халқы бар Анкара қаласының аз уақыт ішінде жоғары деңгейде дамығанын үлгі етті. Сондай-ақ, ол аталған жұмыстар үшін олардың мемлекеттен қаржы алмағанын, оны кәсіпкерлері, сол жердің тұрғындары биліктің ұйымдастыруымен барлығы бірлесе отырып шешкенін жеткізді.
«Біздің туристік өңірге айналуға толық мүмкіндіктеріміз бар, бірақ, өкінішке орай біз туристер келетін кластер жасай алмай отырмыз.Туристік орындарда қажетті қонақүйлер жоқ, туристер үшін жол бойында қажетті сервис жоқ. Туристер үшін жол көрсететін сілтемелер жоқ, интернет, мобильді байланыс сын көтермейді, көлік инфрақұрылымы нашар. Сондай-ақ, туристік орындардың санитарлық жағдайы төмен»,- деді әкім.
Облыста 3 миллионға жуық халықтың 26,8 пайызын жастар құрайтынын ескерген жергілікті билік жастар мәселесін күн тәртібенен түсірген емес.
Осы жылдың 10 айында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 35,5 пайызға, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейімен нашақорлықтың өскеніне тоқталған аймақ басшысы облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Болат Жанәбілге жастарды еңбекке баулу керектігін айтты.
Жиында сонымен қатар, коммуналдық меншігінің сақталуы мен пайдалануына бақылау бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде облыстық қаржы басқармасының басшысы Кеңесбек Мендебаев баяндады.
Мәжіліс соңында облыс әкімі Ж.Түймебаев тиісті басқару орган басшылары мен аудан, қала әкімдеріне коммуналдық мүліктің сақталуы мен тиімді пайдаланылуына бақылауды күшейтуді және мемлекеттік мүлікке немқұрайлы қараған әрбір басшыға заң аясында қатаң шара көруді тапсырды.
Сонымен бірге мұндай мәжіліс дүниенің ешбір мемлекетінде жоқ деген әкім, барлық жасалған баяндамаға көңілі толмағанын жеткізіп, баяндама жасаудың жаңаша бағытына көшуді, яғни нақты іс-шара жоспары жасалып, мәжіліс өткізудің тәртібін өзгерту қажеттігін міндеттеді.