Астана қаласында «Жайдарманның» қалалық чемпионатының финалы 20-қараша күні сағат 17:00-де «Жастар» сарайында өтті. Жыл бойы сайысқа түскен 18 команданың ішінен ақтық сынға дейін жеткен 5 команда өзара чемпиондық атаққа таласып, ойын өте тартысты болды. Қатысушылар сәлемдесу, жамбы ату және жұлдыз жайдарманшымен үй тапсырмасы конкурстары бойынша сайысты. Шын мықты ғана әр конкурста ілгері шығып отырды. Қатысқан «Корпус», «Энерго», «Тұран жастары», «Сарыарқа ауданының құрамасы» және «Жібек жолы» командалары арасынан үш сайыс қорытындысы бойынша,
10,2 ұпаймен 3-орынды «Сарыарқа ауданының құрамасы» иеленсе,
10,9 ұпаймен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Энерго» жайдарман тобы вице-чемпион атанды,
ал ЧЕМПИОН атағын толық 11 ұпаймен «Тұран жастары» командасы иеленді.
Сонымен қатар, жылдың үздік ойыншысы болып «Энерго» командасының капитаны Асхат Мухаметқалиев таңдалды. Асхат осымен екінші рет жыл үздігі болып отыр, 2014-жылы да «үздік ойыншы» номинациясын алған еді.
Финалдық ойынның қазылары да мықты болды: тележүргізуші, танымал телебағдарламалардың авторы, ардагер жайдарманшы Нұрмахан Мұқанұлы, Жоғары және премьер лига ойындарының тұрақты қазысы, ардагер жайдарманшы Алдан Жылгелді, Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Ақұлан Тастемір, «Қазақ аруы-2016» байқауының жеңімпазы Альмира Ахатова және Жоғары лига ойындарының чемпионы Әділет Төлеутаев.
Бұл ойындағы ерекше сайыс жұлдыз жайдарманшымен үй тапсырмасы: Сарыарқа ауданының құрамасы және «Тұран жастарымен» Жоғары лиганың биылғы финалистері «Байдың балалары» командасының ойыншысы Ұлан Мықтыбек және «Сырдария құрамасының» капитаны Марат Сәрсенбаев өнер көрсетті. Ал, «Энерго» «Грант» командасының ойыншысы Елжан Халиуллинмен бірге ойнаса, «Корпус» командасы Жоғары лига чемпионы Бекзат Дүйсеновпен көрініс қойды. Басқа үй тапсырмалардан өзгеше, тапқырлықпен есте қалғаны — «Жібек жолының» «Элемент» командасының капитаны Эльдар Жұмағалиевпен біріккен үй тапсырмасы.
Соңында алтыншы болып, қонақ команда ретінде Жоғары лиганың биылғы финалисі, былтырғы Премьер лига вице-чемпионы «Байдың балалары» өнер көрсетті.
Бір деммен өткен керемет ойыннан кейін финалист жайдарманшылар үшін «afterparty» ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға құттықтаулар айтылып, достар арасындағы қалжың-әңгімеге толы шағын әдемі отырыс болды.
Финалдық бәсеке желтоқсан айының екінші жартысында «НТК» телеарнасы арқылы қалың көрерменге жол тартпақ.