Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Л. Базарқұлованың айтуынша, өрттен Бағанашыл балалар үйінің тәрбиеленушілері мен қызметкерлері зардап шеккен жоқ. Олардың барлығы да ғимараттың екінші блогына орналастырылып, барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілді.
Еске салсақ, Алматы қаласындағы Бағанашыл шағын ауданындағы балалар үйінен бүгін түнде өрт шыққан болатын.
— Өрт болған кезде ғимаратта осында тәрбиеленетін 161 баланың 154-і болған. Себебі 161 баланың 3-еуі Есіктегі көзі нашар көретіндерге арналған мектеп-интернатта, 4-еуі «Бөбек» орталығында демалысқа жіберілген. 154 баланың 4-еуі ауруханаға жеткізілді. Олардың 3-еуі емдеу мекемесіне жеңіл жарақаттармен, 1-еуі сынықпен түскен. Олардың жағдайы қазір бірқалыпты, денсаулықтарына қатысты қауіп жоқ. Оқиға орнына «Дәулет Серпін» ЖШС өкілдері келіп, құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына облыстың басқа да оқу орындарының мамандары тартылуда. Ас әзірлеу блогы стандартты режимде жұмыс істеп тұр, — деп атап өтті Л. Базарқұлова.
Жағдайды Алматы облысының әкімі тұрақты бақылауына алды.
«Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жағдайды ерекше қадағалауға алып, қысқа мерзім ішінде ғимараттың жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізу үшін Төтенше жағдайлар қорынан қаржы қарастыруды тапсырды. Балалар үйіне барлық қажетті көмек пен қолдау шаралары көрсетілуде», — деп қорытындылады сөзін Л. Базарқұлова.