Осыдан екі жыл бұрын елордада Астананың мектептерін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындау туралы шешім қабылданды. Өткен жылдан бері қалада Қазақстанның барлық аймақтарынан келген мұғалімдер үшін екі апталық семинарлар өткізіліп келеді, онда елордалық әріптестері өз жетістіктерін таныстырады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Бүгін 60-тан аса педагог №3 мектеп-гимназияға барды.
«Біз түрлі бағыттарда халықаралық тәжірибеде бар жұмысты көрсетеміз. Сингапурда, Жапонияда, Кореяда және басқа елдерде де осының бәрі бар, бірақ олардың жүйесі басқа да, біздікі — басқа. Бүгінде Астанадағы мектептер ISO халықаралық стандарттары бойынша тұтастай сапа жүйесін енгізуде. Астана мектептерінің тәжірибесі бойынша ШҚО, СҚО, Қарағанды, Атырау облыстарының білім беру мекемелері жұмыс істейді», — деп мәлім етті профессор Федор Вассерман. Ол — елорданың 50 мектебінде енгізілген «Биоинформатика және синергетика» технологиясы бойынша сапаны басқару жүйесінің авторы. Аталған технологияның әлемде аналогтары жоқ, ол кез келген мектептің сапасын тез арада және тиімді түрде көтеруге көмектеседі.
«Біз осыдан үш жыл бұрын жұмысқа кірістік, қазірдің өзінде нәтижелер бар. Тиімділігі келесіде — әрбір сыныпта қабілеттері бар оқушылардың белгілі саны анықталады, және мектепке оларды жоғалтып алмау міндеті қойылады», — дейді автор.
Болашақта семинарларға халықаралық қоғамдастық өкілдерін шақыру жоспарланған.
Аймақтардан келген мұғалімдерге №3 мектеп-гимназияның үлгісінде аталған технологиялардың сабақта қалай енгізілетіні көрсетілді, сондай-ақ, мектеп оқушылары да қонақтарға өз жобаларын таныстырды. Олардың ішінде дауыспен берілетін бұйрықтарды танитын, амандасып, билей алатын робот; оқушылар жасаған бағдарламашыларға арналған оқу құралы; биогаз қондырғысын қосу арқылы «Родина» агрофирмасының сүт өндірісінің жеке циклының таныстырылымы және т.б. бар.
«Өмір бір орында тұрмайды, мектептер де технологиялардан қалмауға тиіс. Біздің мұғалімдер түрлі курстарға барады, балалар информатиканы бесінші сыныптан бастап тереңдеп оқиды, қазір робототехника қосылды. Оқушылар байқауларға белсенді түрде қатысады, олар жалқау емес, гаджеттерді тым көп пайдаланбайды, егер олардың күш-қуаттарын дұрыс бағыттаса, керемет нәтижелер шығады», — дейді №3 мектеп-гимназиясының директоры Елена Шеверняева.
Атап өтерлігі, ЭКСПО-2017 көрмесі өтетін күндері елорданың 40 мектебінде «Болашақ энергиясы» тақырыбы бойынша көрме алаңдары орналастырылады, онда білім ордаларының жеке жетістіктері паш етіледі.