Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің студенттері Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Спикерлер құрамына Светлана Жалмағанбетова, Оразгүл Асанғазы, Ләззат Сүлеймен, Сабила Мұстафина және Елена Тарасенко енді. Шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Кездесу барысында спикерлер студенттерге жеке өмірлік тәжірибелері, тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің қалыптасуы, елорданы Астанаға ауыстырумен байланысты тарихи фактілер, сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытудың маңыздылығы туралы баяндады.
«Қазіргі кезде елорда тұрғындарының 75% қазақ тілділер. 90-шы жылдары қазақ тілінде сөйлейтіндер саны 14% құраса, бұл үлкен жетістік», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразгүл Асанғазы.
Жыл басынан бері отбасылық құндылықтарды, жастарды патриоттық тәрбиелеуді кеңінен дәріптеу және салауатты өмір салтын насихаттау аясында 400 астам шара ұйымдастырылды.