Алматы облысы Жаркент қаласындағы №2091 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеген сарбаздарды шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еліміздің қарулы күштері қатарына 2015 жылдың күзінде шақырылған олар үш айлық оқу жаттығудан өтіп, бір жыл бойы шекара қызметінің қыр-сырына қанықты. Ел тыныштығын күзеткен сарбаздарға әскери бөлім басшылығы ризашылығын білдірді. Шығыс өңірлік қолбасшылығына қарасты бұл шекара отряды осы жылдың үздігі атанған болатын. Осы орайда, сарбаздардың қосқан үлесі орасан. Сондықтан, өз қызметін мінсіз атқарған оларға алғыс хаттар табыс етілді. Соңынан қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, командирлері барлығының өз үйлеріне аман-есен жетулеріне тілектестігін білдірді. Әрқайсысымен жеке дара қоштасып, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі. 365 күнін шекара шебінде өткізген сарбаздар соңғы рет саппен жүріп өтіп, өздерін күтіп тұрған автобустарға отырып, үйлеріне жол тартты.