Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркия Республикасы Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (одан әрі — TIKA) Қазақстандағы өкілі Әли Ихсан Чаглармен кездесті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Басқосуда тараптар бауырлас қазақ-түрік қарым-қатынасын одан әрі жақсарту жайын талқылап, алдағы күндері қолға алынатын нақты жоспарлы жұмыстарға көшті.
Атап айтқанда, таяуда TIKA ұйымының ұйымдастыруымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы медицина мамандары арнайы оқыту курсынан өтіп, біліктілігін жетілдірмек. Шымкентте осы жылдың 2-5 желтоқсан күндері өтетін тәжірибе алмасу семинарына 75 дәрігер қатысып, онда ана мен бала денсаулығын сақтау, оның ішінде, ана мен бала өлімін азайту тақырыбында дәріс алмақшы. Ал тәжірибе алмасу курсында белсенділік танытқан дәрігерлер Түркияға жіберіліп, ол мамандар елге келген соң өзге де әріптестерінің білімін шыңдауға атсалысатын болады.
Кездесу барысында, аймақ басшысы өңірімізге арнайы келген мәртебелі мейманға алғысын білдіріп, аталған жоба аясында жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына ортақтасып, қуанышымен бөлісуде осындай жұмыстарды ұйымдастыруды көздеген аталған ұйымның Қазақстандағы өкілі Әли Ихсан Чаглар бұл жобаның бұған дейін өзге де мемлекеттерде ұйымдастырылып, оң нәтиже көрсеткенін айтты.
Айта кету керек, Түркия Республикасы Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің әлемнің 56 елінде филиалдары бар. Жер-жаһанның 150 елімен ынтымақтық жобаларын жасасқан TIKA ұйымы соңғы 3 жылда ынтымақтастық жұмыстары мен гуманитарлық көмектердің арқасында әлемде бірінші орынға шыққан. Денсаулық сақтау саласындағы аталған жоба ұйымның қыруар жұмыстарының бір ғана бөлігі болып табылады.