Бүгін, 30 қарашада, «Астана Опера» театрының камералық залында «Отан, саған арнаймыз» атты концерт өтеді. Бағдарламада белгілі қазақстандық композиторлар Серікжан Әбдінұровтың «Отан» және Әліби Әбдінұровтың Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне арнаған «Елбасы» әндерінің тұсауы кесіледі, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Отан, саған арнаймыз» концертінің бағдарламасында, халық сүйіп тыңдайтын отандық авторлардың шығармалары да ұсынылмақшы. Кеште Е. Брусиловский, Ғ. Жұбанова, Е. Рахмадиев, Н. Тілендиев, С. Еркімбеков, К. Күмісбеков, С. Бәйтереков, К. Ыбыраев және тағы басқа авторлардың әндері, романстары, аспаптық композициялары орындалады.