Алдағы демалыс күндері елордада қысқы маусым ресми түрде басталады. Ашылу кезінде шаңғы-роллерлік трассада ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шаңғы жарысы өтеді. Оған ниет білдірген кез келген жастағы тұрғындар қатыса алады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қатысушылар 10:30-дан бастап тіркеледі. Шаңғы фестивалі барысында ерлер 2 шақырым, әйелдер 1 шақырым жүріп өтеді. Балалар жастарына қарай түрлі қашықтықтарға шығады.
Сондай-ақ, бүгін, 2 желтоқсанда «Алау» мұз сарайында конькимен жүгіру спортынан Әлем кубогының 3-кезеңі өтеді. Елордалық мұз айдынында өз шеберліктерін көрсету үшін әлемнің 26 елінен 357 спортшы жиналды. 3 желтоқсанда «Дәулет» спорт кешенінде жас теннисшілер арасында ең мықтылар анықталады. Ал 7 желтоқсанда елордада ардагерлер арасында шахматтан қала біріншілігі өтсе, 10 желтоқсан күні шахматтан 10-шы қалалық турнир ұйымдастырылады. Осы күні «Алатау» спорт кешенінде садақ атудан елорда чемпионаты жалауын көтереді.
Күні кеше Астанада үрмелі футбол кортында 2003-2004 жылдары туған қыздар арасында футболдан қала біріншілігі ашылды. Чемпионат 10 желтоқсанға дейін жалғасады. Үздік шыққан командалар кубоктармен, дипломдармен, мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Бұған қоса, түрлі номинациялар бойынша үздік ойыншылар анықталады. Сонымен қатар, «Толқын» спорт кешенінде 2004-2005 жылдары туған жасөспірімдер арасында бокстан қалалық турнир өтіп жатыр.
Сондай-ақ, елорданың Оқушылар сарайында грек-рим күресінен Астана чемпионаты аяқталды, оған 50 спортшы қатысты. Қатысушылар түрлі спорт мектептері мен клубтардың атынан сайысқа түсті.