Ертең, 6 желтоқсанда Бейбітшілік және келісім сарайының сахнасында «Әміре» драмасының премьерасы өтеді. Көрермен назарына кезекті жаңа премьераны Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы ұсынады. Қойылым Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
1925 жылы Парижде өткен Бүкіл дүние жүзілік «ЭКСПО» көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақ тағдырына арналған туындының табиғатында тобыр мен тұлғаның, өмір мен өнердің, аманат пен қиянат ұғымдарының қақтығысы бедер алады. Кейіс дүниеден береке таппаған Әміренің – Ән-Әміреге айналып өнер көгінен үн қатқаны баяндалады.
Спектакльдің бас кейіпкері «Әміре» бейнесін театр артистері Қасымхан Бұғыбай мен Асылбек Қапаев сомдайды.
Пьеса авторы – жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев. Спектакльдің қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер – Нұрлан Жұманиязов. Спектакльдің бас суретшісі – Берік Бурбаев. Хормейстері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Амантай Жұмашев.
Спектакльдің басталуы: сағат 18.30-да.