«Қазақстан аруы 2016» ұлттық байқауының финалына шыққан бойжеткендер ҚХЛ жүйелі чемпионаты аясында өткен «Барыс» пен «Адмирал» матчын тамашалады. Ал келесі күні сұлулар клуб ойыншыларының жаттығуына қатысып, мұз үстіне шығып, атақты спортшылардан дәріс алды. Олар аяқтарына коньки киіп, шайбаны алып жүруді үйреніп, оны қақпауға бағыттаудан жаттықты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Шараның соңында «Miss Ice 2016» номинациясы бойынша марапаттау рәсімі өтті. Бұл атаққа «Өскемен аруы 2016» Анастасия Усольцева лайық деп танылды. Сұлуға лентаның орнына хоккейшілердің қолдары қойылған команданың жейдешесі табыс етілді. Енді шығысқазақстандық бойжеткен «Барыс» хоккей клубының келесі жылдағы бейнесі болып, клубтың түрлі шараларына қатысады.
Еске салсақ, «Қазақстан аруы 2016» байқауының жеңімпазы 10 желтоқсан күні Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында белгілі болады. Жоба ұлттық телеарна арқылы тікелей эфирде көрсетіледі. Ұлттық мерейтойлық финалдың билеттерін сатудан түскен барлық қаражат Астананың аз қамтылған отбасыларына көмек көрсетуге бағытталады.