Өзбекстан Республикасында желтоқсанның 4-і күні Президент сайлауы өтті. Мақтарал ауданының атынан аудан әкімінің кеңесшісі Ақан Әжібек, аудандық Мәслихаттың төрағасы Мұхтар Жалмшиев, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Тойым Жүніс т.б. өкілдер Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында болып, сайлаудың өту процесін бақылап қайтты, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ресми мәліметке сәйкес, Өзбекстан азаматтары жалпы саны 9383 сайлау учаскесінде (олардың 44-і шетелде ашылған) дауыс берген. Сайлаушылар тізіміне барлығы 20 миллион 428 мың 891 адам енгізілген. Сайлауға қатысып жатқан төрт кандидаттың бірі — қазіргі премьер-министр әрі президент міндетін уақытша атқарушы Шавкат Мирзияев бұрынғы президент Каримовтің саяси бағытын ұстанатынын мәлімдеген. Қалған үш кандидатта билікті қолдайтын саяси ұйымдардан ұсынылғандар: Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясынан Хотамжон Кетмонов, «Милли тикланиш» («Ұлттық жаңғыру») партиясынан Сарвар Отамурадов және «Адолат» социал-демократиялық партиясынан Наримон Умаров. «Өзбекстан студенттері 1-5 желтоқсан аралығында сайлауға байланысты демалысқа жіберілді. Сонымен қатар, Ташкентте сайлау күні қоғамдық көлікте жүру тегін болады. Автобус бағдарлары мен метрополитен жұмысы сайлау учаскелері ашылғанға дейін бір сағат бұрын, яғни сағат 05.00-де бастады. Сайлаудың нәтижесін ОСК бүгін жария етеді. Мақтарал ауданының атынан 6 өкіл келіп отырмыз, сондай-ақ Сарыағаш, Шардара, Қазығұрт аудандарының атынан да өкілдер келді» — дейді Мақтарал ауданы әкімінің кеңесшісі Ақан Әжібек.