Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Астана қаласынан жолға шыққан «Тәуелсіздік пойызы» осы күнге дейін еліміздің түкпір-түпкірінде болып, күні кеше Панфилов ауданында орналасқан Алтынкөл стансасына тоқтаған болатын. Онда жаңадан бой көтеріп келе жатқан Нұркент қаласында халықпен кездесіп, мемлекетіміздің 25 жылда қол жеткізген жетістіктері жайында айтып, қажетті әлеуметтік көмектерін көрсетті.
Талдықорған қаласына келіп тоқтаған пойызды облыс әкімінің орынбасары Ж.Омар бастаған делегация күтіп алды. Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары бұл акцияның халықтың әлеуметтік мәселелерін шешудегі маңыздылығын атап өтті.
Акцияның негізгі мақсаты мен міндеттері туралы «Тәуелсіз Қазақстан» поезының штаб жетекшісі Әміржан Әлпейісов айтып берді. Шара концерттік бағдарламамен аяқталды.
Пойыз бүгін Үштөбе қаласында болып, жұмысын жалғастырады. Одан әрі Матай, Достық, Сарыөзек, Қапшағай станцияларына аялдамақ.
Жалпы, пойыздағы штаб құрамында 7 министрліктің білікті басшылары мен мамандары, 3 Ұлттық компанияның өкілдері мен 15 жоғары санатты медициналық қызметкер азаматтарға кәсіби кеңестерін беретін болады.