Оңтүстік Қазақстан облысына Татарстан Республикасының астанасы – Қазан қаласынан айрықша сый жетті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың Шымкент қаласын жасыл қалаға айналдыру идеясы туралы арнайы сюжетті республикалық «Хабар» телеарнасынан көрген аймақ басшысының Қазан шаһарындағы достары игі іске үлес қосып, тамшыдай көмек ретінде көгілдір шырша ағашы көшетінің 120 данасын сыйға тартты.
Биіктігі 4-5 метр болатын жас шырша көшеттері, негізінен, әкімшілік-іскерлік орталығының маңына, атап айтқанда, әкімдік пен «Түркістан» салтанат сарайы, Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық драма театрының айналасына егілді.
Қылқанжапырақты өсімдіктердің ең әдемісі болып табылатын көгілдір шырша ағашының отаны Солтүстік Америка болып саналады. Десе де, аталған жасыл желек түрі әлемнің басқа да елдерінде өсе алады.