«Оңтүстiк» индустриалды аймағында «Кирал Достық» аяқ киiм кәсiпорнының ашылу салтанаты өттi. Оған облыстық кәсiпкерлiк, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Марат Қарабаев қатысып, ұжымды құттықтады.
«Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы мерекесi қарсаңында ашылып отырған кәсiпорынның iсi алға баса берсiн. Баршаңызды отандық өнiмге қолдау көрсетуге шақырамын»,- дедi ол.
«Кирал Достық» ЖШС-нiң директоры Болатбек Дариябаевтың айтуынша, жобаның құны 185 млн. Теңге тұрады. Бүгiнде мұнда 70-ке жуық адам жұмыс iстеуде. Бәрi жергiлiктi тұрғындар. Индустрияландыру картасы арқылы iске қосылған жаңа кәсiпорында бастапқыда жазғы аяқ киiмдер тiгiлсе, қазiр кебiстер мен әйелдерге арналған сүйретпе аяқ киiмдер шығарылуда. Өндiрiстiк қуаты жылына 1 млн. жұп аяқ киiм.
«Жұмысты өткен жылдың аяғында бастадық. Бұл жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен облыс әкiмдiгiне, «Оңтүстiк» индустриалды аймағына айтар алғысымыз мол. Өндiрiске қажеттi инфрақұрылым үшін 1 гектардан аса жер бөлiп бердi. Аяқ киiм шығаруға арналған құрал-жабдықтар Түркия мен Қытайдан әкелiндi. Жұмыс өнiмдiлiгi жоғары. Қазiр бiздiң тауарларымыз елiмiзбен қатар көршiлес Ресей нарығына да жол тартуда. Алдағы уақытта өндiрiс көлемiн ұлғайтып, осы саланы одан әрi дамытуды көздеп отырмыз»,- дейдi жас кәсiпкер Болатбек Дариябаев.