
Алдағы үш жылда Талдықорғанның білім саласына 24 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Бұл туралы Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев қалалық мәслихаттың кезекті ХІІ сессиясында айтты.
Жиында Талдықорған қаласының 2017-2019 жылдарға арналған бюджет жобасы бекітілді. Жоспар бойынша 2017 жылы Талдықорған қаласында 2400 орындық 2 жаңа мектеп салынады. Тағы 2 мектеп күрделі жөндеуден өтетін болады.
Негізгі баяндаманы қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жетекшісі Қайрат Мәженов жасап, үш жылдық бюджеттің жай-жапсарын баяндады. Бюджет жобасына қала әкімі аялдамаларды күтіп ұстау, саяжай массивтеріне ауыз су тарту, қаланы абаттандыру жұмыстарын жандандыру және көшелерді жөндеу, газ тарту жұмыстарын шапшаңдату туралы ұсыныстары енгізілді. Сондай-ақ, жиында Талдықорған қалалық мәслихатының хатшысы Қайрат Бұлдыбаев мәслихаттың 1 жылда атқарған жұмыстары туралы есеп берді.