Ақтөбе облысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасы бойынша өткізілген ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық тойына арналған қайырымдылық акциясының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойы жылы 380-нен астам қайырымдылық шарасы өткізілді, осы шаралар барысында 20 000-нан астам адам жалпы сомасы 16 млн. теңгеден астам көмекке ие болды.
Соның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, мүгедек балаларға, жалғыз басты аналарға киім-кешек, азық-түлік, мүгедекр азаматтарға техникалық құралдар алуға, тұрмыстық жағдайды жақсартуға, үйлеріне газ кіргізуге, т.б. көмек көрсетілді. Жетім балалардың Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі есепшоттары 7 млн теңгеге толтырылды. Жеке және мемлекеттік ұйымдар 200 ақтөбелік азаматқа тіс протездерін салу үшін стоматологиялық көмек көрсетті. Ақтөбеде екі қайырымдылық дүкені ашылды, бұл дүкендер арқылы алты айдан кем уақыт ішінде аз қамтылған 4500 отбасы балаларына бастан-аяқ күздік және қыстық киімдер алды.
Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасы бойынша Қайрат Нұртас, «Музарт» және «Ағайынды Жүгінісовтер» секілді елімізге белгілі эстрада жұлдыздары қайырымдылық концерттерін өткізді. Енді міне бұл тізімге «Славян базары» халықаралық байқауының гран-при жүлдегері Димаш Құдайберген, әнші Ерболат Құдайберген мен «Алаш жолы» тобы да қосылды. «Қоныс» спорт сарайында өткен концертті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та тамашалады.
Аймақ басшысы қайырымдылық шараларының қоғам үшін маңыздылығына, соның ішінде оның қоғамдағы бірлік пен татулықты сақтаудағы ролі туралы айта келіп, әншілерге осы игі іске атсалысқандары үшін алғысын білдірді.
Концерттен түскен қаражат тұтастай көмекке мұқтаж ақтөбеліктердің әлеуметтік мәселелерін шешу үшін жұмсалады. Нақтырақ айтсақ, 7 отбасына (оның ішінде ауылдық жерде тұратын отбасылар да бар) үйге су мен газ кіргізуге, қажетті дәрі-дәрмек пен киім-кешек алуға қолдау көрсетіледі. Қаражаттың бір бөлігі бірнеше жылдан бері мүгедектік арбаға таңылған ақтөбелік Виктория Квашаның далаға өз еркімен кіріп-шығуы үшін — ол тұрып жатқан үйге пандус қондыру үшін жұмсалады.