Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен Шымкентте мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Бір тәулікте 600 адамның құжатын рәсімдеп бере алатын орталықта 120 адам қызмет етеді. Енді тұрғындар автокөлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алуға қатысты барлық мемлекеттік қызметтерді бір мезетте бір кешеннен ала алады. Мамандандырылған ХҚКО-да теориялық және тәжірибелік емтихандарды тапсыру процестерін автоматтандыру адами факторларды толықтай жойып, оны барынша айқын етуге мүмкіндік береді. Мұнда азаматтардың уақыты үнемделіп, бар-жоғы екі сағаттың ішінде ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруға болады.
Орталықтың қызметімен танысқан өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы: «Оңтүстік Қазақстанда 500 мыңға тарта автокөлік бар. Биылғы 11 айдың өзінде 52 мыңға тарта адам жүргізуші куәлігін алған. Осындай үлкен көлемдегі жұмысты жеңілдетіп, жүйелендіру үшін ашылған Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы қызмет түрлерін жылдам әрі ыңғайлы уақытта рәсімдеп алуға мүмкіндік береді»,-деді.
Электронды бақылау жүйесі қосылған ХҚКО толық автоматтандырылған. Мұнда жүргізуші куәлігін алу үшін арнайы медициналық тексеруден өтуге болады. Куәлік алуға ынталылар сынақты осы жерден тапсырады. А, А1, В, В1, С, С1, D, D1 категориялары үшін көлік жүргізудегі тәжірибелік емтиханды тапсыруға 3 жеңіл автокөлік, жүк көлігі, 2 автобус және 2 мотоцикл бөлінген. Сынақ нәтижесін техника бақылап бағалайды.
Облыста бүгін бұдан өзге бір мезетте бірнеше жаңа ХҚКО іске қосылды.
Сайрам ауданының Қарасу ауылы, Рахимов көшесі, 1079 мекенжайында орналасқан мамандандырылған ХҚКО секторында автоәуесқойлар өз көліктерін тек қайта тіркеулеріне болады.
254 мыңнан аса тұрғыны бар Енбекші ауданында № 8-ХҚКО ашылды. Мұнда халыққа мемлекттік қызметтің 530 түрі көрсетіледі. Оның 315-і электронды, 215-і дәстүрлі мемлекеттік қызметтер түрлері болса, 53-і қосымша жоспарланған пилоттық қызметтер. Бүгінде бұл мекемеде 25 қызметкер жұмыс істейді.
Төлеби ауданында ашылған халыққа қызмет көрсету орталығы Леңгір қаласы, Қапал батыр көшесі, 20 мекенжайында орналасқан және 600 ш.м. жерді алып жатыр. Бұл республика бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ашылған, бюджеттік қаражатқа емес, жеке кәсіпкердің қаражатына салынған алғашқы ХҚКО. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жалға төленетін қаражатты қарастырмайды, бұл дегеніңіз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы тек коммуналдық төлемдерді жүзеге асыратын болады.
Айта кетейік, ХҚКО-лар аптаның алты күнінде, жексенбіден басқа күндері сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.