Ақбота Сәңкібай шоқысы Миялы ауылының солтүстігіндегі 45 шақырым жерде орналасқан. Екі бөлек болып үйілген үлкен ақ бор тау. Табиғат өз қолымен жасаған ғажап ескерткіш. Жем өзені жағынан алыстан әппақ болып көрініп тұрады, Көлемі, биіктігі аса үлкен болмаса да, тылсым сырымен, қатпар-қатпар жота, ертегідей пішін сипаттарымен, өсімдік шықпайтын тауымен еріксіз баурап алады, кісіні таң қалдырады. Айналасы тегіс жазық.
Жерден тік шығып тұрған таудың қайдан, қалай пайда болғаны — табиғаттың жұмбағы ойға қалдырады. Шешімі тереңде жатыр. Бұл жерде миллиондаған жылдар бұрын теңіздің орны болған шығар деген болжам айтылады. Таудың құрылысы теңіздің астында болатын жартастар сияқты және өте ескі көріністі көрсетеді. Ақ бор тас үгітілуде, Тауда өсімдік жоқ. Ал етегі толған түрлі шөп, жыра, уақ тас. Сәңкібай-белгілі жылқылы бай. Ақбота оның XVIII ғасырда өмір сүрген әрі сұлу, әрі батыр қызы. Ақбота Сәңкібай табиғат ескерткіштерінің атауына байланысты аңыздар, әңгімелер ел ішінде көп. Қалмақтар жаугершілігі кезінде Сәңкібай ауылында ер адамдар болмай қалады. Елді жау шауып, малды барымталайды. Ер адамдар жылдағы дәстүр бойынша Әбілхайыр ханға сәлемдесуге кеткен екен. Барымталанған малды, таланған мүліктіАқбота қыз жаудың сонынан қуып барып қайтарады. Бірақ жаумен шайқаста өзі ерлікпен қаза табады. Осы суық хабар Сәңкібайға жетеді. Ол өзі өте жақсы көретін қызын өлдіге қимай, қатты қиналады. Елде жоқ құрмет көрсетемін деп Ақботаны биік ақ бор таудың төбесіне жерлейді. Содан тау Ақбота-Сәңкібай атанған екен. Бұл әңгіменің бірнеше нұсқасы бар.