Басты бет / Жаңалықтар / Білім / Оқулық немесе оқытудың… «Естірту» әдісі
e-learning жобасы бойынша жасалған электронды оқулықтағы анимациядан кадр
e-learning жобасы бойынша жасалған электронды оқулықтағы анимациядан кадр

Оқулық немесе оқытудың… «Естірту» әдісі

Алматылық ана Салтанат Тажиеваның Білім-ғылым министрі Сағадиевке ескерту-өтініш-ұсыныс видеожолдауы тәулік ішінде 17 мыңнан аса қаралған (13 қаңтардың сағат Астана уақытымен 02:45-тегі көрсеткіші). Анау-мынау ортанқол әнші армандамайтын танымалдық. Себебі ән — талғамның мәселесі. Ал бала мен оның болашағы — олай емес. Алаңдаған ананың жолдауының танымалдығын дәл сондай — қамкөңіл ата-аналар мен мұғалімдер арттырғаны белгілі.

Жаратылыстың айуан келбеті

Салтанат Тажиеваның сұрағы — «Жаратылыстану», «Қоршаған ортамен таныстыру, экология негіздері» пәндеріндегі 5-6 жасар баланың қабылдауына қиын түсініктер мен терминдер жөнінде болатын. Онда айталық, өмірдің қатігез тұстарымен әлі таныс емес балақанға, кейбір құстардың неліктен «Қызыл кітап» деп аталатын кітапқа енуге мәжбүр екенін білуге тура келеді. 

Салтанат Тажиеваның френдтері мықты ма екен, министрліктің монитроингіне бірден ілінсе керек. Себебі жауап тез берілді. Жауаптың бір жерінде:

«Как правило, предметы «Физика», «Химия», «Биология», «География» считаются трудными для восприятия учащихся. Поэтому в начальной школе для формирования научной картины мира и готовности к восприятию сложных терминов и явлений в основной школе введен предмет «Естествознание». Программы разработаны на основе «спирального» подхода, когда знания и навыки учащихся формируются с младшего возраста, постепенно углубляясь и расширяясь —

делінген.

«Спиральдік» әдістің аспаннан алынбағанына сенелік. Бірақ, концептуалдық тұрғыдан — кіші сыныптар үлкен сыныптардағы «көкми» пәндерге дайындық ретінде қарастырылса, онда неменеге үлкен сыныптарда — бірден университеттің бағдарламасымен оқытып, мектеп бітіргенде ЖОО дипломын бере салмасқа? Әрине, негізгі орта білім алған баласы, әлден-ақ ұшақпен ұшып не құс тұмауының дәрісін ойлап тапқанын кім жек көреді дейсің. Бірақ ондай арман жолында этнопедагогикалық маңызы бар «балалық шақ» ұғымы мен кәдімгі психикалық денсаулықты құрбандыққа әкелуге кімнің жүрегі дауалайды?
Бұл жерде «үлкен өмірге» дайындау кезінде оқулық жасаушылардың ата-аналардан қолғабыс сұрау ғана қалып тұрған сияқты. Балақандарға арналған басқа кітаптарымыз өмір мен өлім туралы терең өлең жолдарымен басталмасын деп тілейік.

Қазақ әбедиТЕТіндегі соқыр Құнанбай

Жалпы, Білім-ғылым министрлігінің бүлдіршінге ғажайып өмірдің жаман тұстарын «естірту» әдісі бүгін басталған жоқ. 2014 жылы Инвестициялар және даму Министрлігімен бірігіп жасаған e-learning жобасы депутаттардың назарына ілігіп, үлкен сынға ұшыраған. Мысалы, депутаттардың назарына электронды «оқулықтардың» біріндегі Құнанбайдың сол көзінің мүкісі соншама реалистік тұрғыдан берілуі ілікті. Оған берілген — жауаптан гөрі ақтау сөзі де назар аударарлық. «Bilim Media Gorup» ЖШС директоры Рауан Кенжханұлы оның тарихи шындық екенін айтқан. Мұндай «тарихи шындыққа жанасу» принципімен, жаугершілікте әлде залымдықтан қаза болған бабалар туралы оқулықтарды елестету ересек адамға да қорқынышты. Бақытымызға қарай, e-learning жобасы дауға қалып, «әр пикселге екі шелек қан келетін» біраз оқулықтар жарық көрмей қалды деген үміт бар.
Ал оқулықтың мұқабасындағы «Қазақ ӘдебиТЕТі» деген жазуға тап сол директордың жауабы жұмсақтау болды: электронды оқулық кітап емес, түзете салу мәселе емес деді.
Жалпы осы жәйттерден — балаға өмірдің келеңсіздіктерін естіртіп, ерте есейту — министрліктің концептуалды ұстанымы екеніне сеніміміз беки түседі.

Таңдамалы жауап

Әлеуметтік желінің қазақтілді сегменті көтеретін мәселелерге әдетте жауап берілмейді. Алматылық ана Салтанат Тажиеваның бағы — телеарнада сюжет жасалуында шығар. Әйтпесе өрескел қатеге толы кітаптардың ондаған скриншоты, жүздеген пікірлер әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде өріп-ақ жүр. Өткен аптада ғана kundelik.kz жобасы мен ресейлік dnevnik.ru арасындағы визуалды ұқсастық сөз болды. Тақырып тіпті субъективті деп есептелетін әлеуметтік желінің субъективті шеңберін тастап шығып, республикалық БАҚ-тарға да шықты. Елеп жатқан ешім жоқ. Қоғамға ең болмаса: «отандық программистердің қолдары қисық, бастары ноқалай, тәбетінің түрі жаман, сондықтан Ресейден ала салдық» деген жауап та жарап жатыр еді. Себебі қияндағы Маңғыстау облысы осындай жүйені бірнеше жыл бұрын-ақ жасап шығарған болатын. Үн жоқ. Сірә телеарнадан сюжет керек шамасы.

 

Ерлан Оспан, jas.kz

Пікір жазу

О Ерлан Оспан

Пікір қалдыру

Сіздің поштаңыз еш жерде жарияланбайды.Обязательные для заполнения поля помечены *

*