Домой Жаңалықтар Білім Не жазывтыстағансыңдар, цүнбедім?

Не жазывтыстағансыңдар, цүнбедім?

Не жазывтыстағансыңдар, цүнбедім?
©pictures11.ru

Сауатты жазу — адамның айнасы. Делініп келді.
Бүгінде жедел хабар алмасу желілерінде елді түзейтін, елдің сені түзейтін уақыты жоқ. Басты бағдар — шаруа. Шаруа бітсе болды. Оның қандай орфографиялық қатемен біткені — он бесінші орында. Бастысы, «цүнікті» дегеннің «түсінікті» екені түсінікті ғой? Болды.
Ендеше, бүгінгі күн — «сауат жалпы неге керек?» деген фундаменталды сұрақты көтеретіндей. Үш мәртеден жауап беріп көріңізші. Әнеки, гәп сонда.

Журфактағы «бөгдепланеталықтар»

Алғашқы дабылды соққан Мәскеу Мемлекеттік Университетінің «Журналистика» факультетінің «Орыс тілінің стилистикасы» кафедрасының доценті Анастасия Николаева еді. Аталмыш ұстаз «Талапкер-2016» науқанында көресіні көрген екен. Себебі, сынақ диктант тапсырған 229 адамның 82 пайызы(!) бір парақта орташа есеппен 24-25 қате жіберген(!). Ол ол ма: бұлардың ішінде Бірыңғай Мемлекеттік Емтиханнан (біздің ҰБТ сияқты) жүз балл алған 15 адам бар! Ұстаздың айтуынша, әрбір сөйлемде 3-4 қатеден болған. Көптеген сөздерді тіпті түсіну мүмкін емес, жалпы, олар сөз де емес, дәлірегі — сөздердің шартты жазылуы дейді ғалым. Әрі қарай, күлкілі де қайғылы қателердің мысалдарын келтірген: рыца(рыться), поциэнт (пациент), удастса (удастся), врочи (врачи), нез наю (не знаю), генирал, через-чюр, оррестовать.
Бұл 20 жылдан бері көріп тұрған сорақылық дейді Анастасия Николаева. Және де. Және жаппай сауатсыздықтың басты себебі ретінде екі нәрсені нұсқайды: 1. Интернет. 2. Әрине,Бірыңғай Мемлекеттік Емтихан!

Біздегі ахуалды білуге бірқатар ЖОО-ларға сұрау салған едік. Мақала қатталып жатқанда отандастарымыздың сауаты мемлекеттік құпия санатына өтті ме екен, барлығы бірауыздан үн қатпады. Бірақ алысқа ұзап кеттік деп ойлауға негіз жоқ сияқты. Жасөспірімдердің, оның ішінде каллиграфиялық мәдениетті көрмей, бірден планшет-смартфондармен машықтанған толқынның әлеуметтік желіде ілеуде бір кездесіп қалатын жазбаларының сиқы сондай ойға жетелейді.

«Еркек!»

Осы күні асығы алшысынан түскен әйелдерге де айтыла беретін бұл комплимент тек жазба емес, сөз саптау мәдениетіміздің де — формализацияға ұшырап, голливудтық стильдегі қысқа да нұсқа анықтама берудің тұрмыстық деңгейдегі әрекетінен жадау тартып бара жатқанына меңзейді. Бұл жерде адам өз ортасында басқа емлеге, қоғамдық қатынаста — ортақ емлеге бағынуы керек пе, жоқ па деген мәселе де туындайды. Рас қой, WhatsApp-та досыңды-құрбыңды түзетіп отырсаң — «зануда» боласың. Ал баланы немесе профильді оқу орнындағы студентті (филолог, лингвист, т.б.) түзетпесең — ұстаз болмайсың. «Тамаша ортасы» таптырмайтын қиын мәселе. Себебі мұның ар жағында, «жазғаным түсінікті болса — болды емес пе!» деген сұрақ қылтиып тұр (және бұл сұрақты әлден қойып жатыр да!). Ол болса өз кезегінде — «сауатты жазудың жалпы не қажеті бар?» деген жаратылыстану мәселесін қозғайды. Осы тұста қанық жауап бере алсаң — бағың, болмаса -сорың. Сауат нормалары, емле ережелері — ендігәрі әлдекімдердің жұрттың жанын қинау үшін әдейі ойлап тапқан шытпағы болуға аз-ақ қалып тұр.

Бояуын қоюлатып отырған ештеңем жоқ. Бір ЖОО-ның ағылшын тілі студенттерінен естігем. «Апайлары» айтыпты-мыс: «Ағылшын тілінің қиын болатыны — кезінде жазу-сызуды оқытудан ақша табамыз деп, ақсүйектер әдейі қиындатып жіберген екен». Ендеше, ана тілін алып жүре алмағандардың да осындай ойға кеп тірелетіні анық.

«Базар жоқ!»

Ал келесі көріністі әркім-ақ байқай алады. Екі-үш күн шенеуніктерді тыңдаса болды. Сөз арасында «типа», «цивильно», «дешево и сердито», «беспонтовый», «красавчик» дегендерді естіп қалу аса қиын емес. Қызығы сол: бұл сөздер 90 жылдары қоғамның белгілі бір өкілдерінің ғана қорында еді. Және газет-журналдарда, кітаптарда тырнақшаға алынып, ерекшеленіп жазылатын, тіпті — түсініктеме берілетін. Және айтушының өзі де бұл сөздердің жалпыға ортақ қолданыста емес екенін түсініп, тізгінін тартып сөйлейтін. Қазір болса, сөздік қорлардың арасы буалдыр тартып, бұлыңғырланып кетті. Себебі, бастысы — жұмыс жүріп, «цүнікті» болса — болды. Қалай естиміз — солай жазамыз. Оны да көрейік…

ТІЛ МҰҒАЛІМДЕРІНЕ СҰРАҚ: «НЕГЕ САУАТТЫ ЖАЗУЫМ КЕРЕК?» ДЕГЕН СҰРАҚҚА ӘДЕМІ ЖАУАП ОЙЛАП ТАБУҒА БОЛА МА? СІЗ ОҚУШЫҢЫЗҒА НЕ ДЕР ЕДІҢІЗ?

Ерлан Оспан, jas.kz

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here