Талдықорған қаласында Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен Еңбек күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Еңбеккерлерді «Еңбек күні» мерекесімен құттықтап, бұл күн халық пен мемлекет игілігіне еңбегін сіңіріп жүрген азаматтарға үлкен алғыс, сый-құрмет көрсетудің мүмкіндігі екендігін ерекше айтып өткен өңір басшысы:
— Айналамыздағы бізді қоршағанның барлығы – күнделікті, кей кездері көзге көрінбейтін, бірақта маңызды жұмыстардың нәтижесі. Біздің қазіргі қол жеткізген жетістіктеріміз – баспалдақ іспетті. Оның әрбір баспалдағы құрылысшы, ұстаз, дәрігер, ғалым, аспазшы, сақшы, егінші, қарапайым жұмысшының еңбегімен, оның маңдай терімен құралатындай. Бұрын еңбек адамдары елге танылып, олардың атқарған істері әділ де айқын көрсетілетін. Елімізге барлық ақпарат құралдары арқылы насихатталып, мадақталатын. Еңбек майталмандарының табысы ел қазынасына қомақты қаржы болып құйылатын. Ал Социалистік Еңбек Ері атағын өмір жолында еңбекпен із қалдырған, ерлікпен үлгі танытқандар ғана ала алатын. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Нұрмолда Алдабергеновтің, Николай Головацкийдің, Социалистік Еңбек Ерлері Зылиха Тамшыбаеваның, Мәриям Аябаеваның, Жолсейіт Молдасановтың, Цой Фир-Мудың есімдері – мәңгі ел есінде. Социалистік Еңбек Ерлері Битай Тәтенова, Зәкария Сейітова, Мәмила Әлімбаева, атақты жүгерішілер Адаләт Зайнаудинова мен Күләш Айтжанова тәрізді аналық борышы мен еңбектің тізгінін тең ұстаған өнегелі жандардың есімдері – айрықша ілтипатқа ие. Еңбек майданын қыздырған «екінші тың» ардагерлері Төлеген Құлахметов, Ыдырыс Абдықұлов, механизатор Иван Астапов, құрылысшы Евгений Обидин және тағы басқалары бар. Бір ғана ауылдан, қазіргі Нұрмолда атамыздың ауылынан 21 Социалистік Еңбек Ерінің шығуы – Жетісудың мақтанышы. Аға ұрпақ өкілдері өткен заманның ауыр кезеңінде қиындыққа төзе жүріп, егін мен мал шаруашылығы саласында толағай табыстарға жетті, аттары әлемге танылды. Бұл кісілерді сөз етіп отырудың өзі – бүгінгі еңбек жасап, егін егіп, мал бағып, құрылыс жүргізіп, жер байлығын ел бақытына айналдырып жатқандар үшін ерекше ғанибет,- деді.
Қазіргі уақытта еңбек адамдарын дәріптеу, олардың атқарған істеріне сай тиісті бағалау жағы аздау секілді көрінетіндігіне тоқталған ол:
— Сондықтан да, бүгінгі мерекеге жері көркем, ырысты өлке Жетісудан шыққан Еңбек ерлерін, еңбек ардагерлерінің бір тобын шақырдық, — деп бүгінгі күннің еңбек ерлері Күләш Айтжанова, Евгений Обидин, Ыдырыс Әбдіқұлов, Бесетай Дәуренбеков, Тоқтарбай Қанапиянов, Алмахан Кенжебековаларға барша Жетісу жұртшылығы атынан шапан жауып, камзол кигізіп, сый-сияпат жасады.
Артынша ол ерен еңбегі еленген, ел құрметіне бөленген Алматы облысының азаматтарын арнайы марапаттап, оның ішінде Валентина Трондина мен Сейсенбек Іңкәрбековке Еңбек күніне орай ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін тапсырды.
Сонымен қатар, мерекелік шара аясында Еңбек күніне арналған көрме қойылып, облыстың өсіп-өркендеуіне ерекше еңбегін сіңірген азаматтардың еңбек жолын баяндайтын бейнефильмдер мен сахналық қойылымдар көрсетілді. Салтанатты жиын Сүйінбай атындағы облыстық филармония ұжымының мерекелік концерттік бағдарламасымен аяқталды.
Айта кетейік, ҚР Президентінің 2013 жылғы №698 Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі «Еңбек күні» болып белгіленген болатын. Бүгінгі күні Елбасының жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру туралы идеясы шеңберінде жалпыұлттың еңбекке деген ынта жігерін арттыру мақсатындағы мемлекет басшысының тапсырмасы еліміздің түкпір-түкпірінде жоспарлы түрде атқарылуда.
ФОТО: Асқар ҚҰРАНБЕК