Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың батыр ұлы, Қазақстанның үшінші ғарышкері Айдын Айымбетовті салтанатты түрде марапаттап, оған «Халық қаһарманы» атағы және «Отан» орденімен оған тиісті белгі «Алтын жұлдыз» медалін табыстаған болатын. Салтанатты шара барысында ғарышкер Айдын Айымбетов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа өзімен бірге ғарышқа ала барған Мемлекеттік Туды тапсырды.
— Құрметті, Елбасы! Мен ғарышқа ұшу мақсатымен соңғы 17 жыл бойы үздіксіз дайындықтар жұмысын жүргіздім. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстандағы ғарыш саласының дамуына және 1998 жылдан бері менің ғарышқа ұшуыма мүмкіндіктер жасап, қолдау жасағаныңызға зор алғысымды білдіремін. Ал енді өзіммен бірге ғарышқа ала барып, жер шарын 150 рет айналып ұшқан көк Туымызды салтанатты түрде Сізге тапсырамын, — деді Айдын Ақанұлы Айымбетов.
Сонымен қатар ғарышкер ойдағыдай жүзеге асқан сапары жайында Мемлекет басшысына баяндады. Ал оның қолынан Туды алған Нұрсұлтан Әбішұлы: «Барлық табыстарың құтты болсын! Біздің ғарышкерлеріміз енді үшеу болды. Әлі де көбейе береді деп сенеміз. Болашағымыз әр уақытта да ғарыштың биігіндей болсын! Біздің көк байрағымыз сонау ғарышқа барып, Жерді айналып келгені бізді желеп-жебеп, қолдап жүрсін! Бүкіл ғаламның күші, ғаламның қасиеті Қазақстанда болсын! Құттықтаймын!», — деді.