31 арнадан көрсетілетін «Адасқандар» телехикаясының түсірілім жұмыстары қызу жүріп жатыр. Тың жоба тарихпен байланысқан фантастикалық комедия жанрындағы тұңғыш әрі үздік туынды ретінде тұсауын кеспек. Аталған телехикаяның премьерасы қараша айының 30 жұлдызына жоспарланып отыр.
«Адасқандар» — тарихпен байланысқан фантастикалық комедия жанрындағы тұңғыш әрі үздік туынды. Фильмде жаңа қоғамнан өткен ғасырларға тап болған заманауи 4 кейіпкердің басынан өткен оқиғалары баяндалады. Осынау телехикая патриоттыққа үндеумен қатар, көрермендерге күлкі сыйлап, әдемі әзілімен баурамақ. Сюжет бойынша қазіргі заманның адамдары сонау XV ғасырға Қазақ хандығына «уақыт машинасы» арқылы өтіп кетеді. Фильм желісі сол адамдардың бастан кешкен оқиғалары бойынша өрбімек. Фантастикалық комедия болу себебінен фильмдегі сюжеттер мен әртістердің барлығы да ойдан шығарылған.
Телехикая әрқайсысы 24 минутқа созылатын 20 сериядан тұрады. Түсірілім аймағы — Алматы облысына қарасты Алматы-Астана тасжолындағы Ақши ауылының маңы.
Фильмнің режиссері ресейлік Шота Гамисония. Ол Ресейде атақты «Универ», «Деффчонки» атты телехикаяларымен танымал.
Басты рольдерді жас актерлар Әли Марат, Алтынай Жолдыбаева, Ардақ Кенжеұлы және Жасұлан Базарбаев сомдайды.
Айта кетейік, «Адасқандар» фантастикалық телехикаясының тұсаукесері қараша айының 30-на жоспарланып отыр.