«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов Алматы облысына жұмыс сапарымен келді.
Ұлттық компания басшысы облыс әкімі Амандық Баталовпен кездесіп, өзара отандық тауар өндірушілерді «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесініңнысандарын салуға қатыстыруға бағытталған меморандумға қол қойды.
Сонымен қатар, ұлттық компанияның бас мердігерлері Алматы облысының тауар өндірушілерімен жалпы құны 5 млрд теңгені құрайтын 11 келісімшарт жасасты.
Қазіргі уақытта жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, бұрыңғыларын сақтап қалу өте маңызды екендігін ерекше атап өткен Ахметжан Есімов:
- Жақында ғана Елбасы атап өткендей, қазіргі дағдарыс 2007 жылдардағыдан әлдеқайда күрделірек. Сондықтан жаңа жұмыс орындарын ғана емес, қазіргі жұмыс орындарын сақтап қалу ерекше маңызды. Сондықтан да біз осы келісімшарттарға қол қойып жатырмыз, — деп атап өтті.
Өз кезегінде бұл игі бастамаға негіз болған Ахметжан Смағұлұлына өз алғысын білдірген өңір басшысы: «Осындай үлкен жобаға біздің тауар өндірушілеріміздің қатысатындығына қуаныштымыз» деді.
Айта кетейік, ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі Астанада 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейінгі уақыт аралығында өтетін болады. Оған 100 ел, кем дегенде 10 халықаралық ұйым, инновациялық технологиялар саласындағы 10 көшбасшы компания қатысады деп жоспарлануда. Жалпы алғанда, көрмеге 2 миллионнан артық келуші 5 миллиондай рет келеді деп күтілуде.
А. МАРАТ, А. АБАЙҰЛЫ (ФОТО)