Ұлыбританиядағы Уилтшир қаласында өткен аукционда әйгілі «Титаник» кемесі соқтығысқан айсбергтің фотосуреті 21 мың фунт стерлингке сатылды, деп хабарлайды Sky News.
Сауданы ұйымдастырушылар хабарлағандай, аталған суретті «Титаник» суға кеткен кезде сол маңнан өтіп бара жатқан «Адальберт ханзадасы» кемесінің стюарды түсіріп алған.
Осы аукцион кезінде сонымен қатар, апатқа ұшыраған кемеден қалған құрғақ күлшелер де сатылды. Ал, апаттан аман қалған жолаушы Маргарет Браунның «Карпатия» кемесінің капитанына берген күміс кубогі үшін шараға қатысушылардың бірі 130 мың фунт төледі.
Естеріңізге салайық, 2 қазан күні Lion Heart Autograph аукционында «Титаниктің» мейрамханасындағы соңғы ас мәзірі 88 мың долларға сатылған болатын. Сондай-ақ, биыл қаңтар айында апаттан аман қалған тағы бір жолаушының жазған хаты Бостон аукционында 11 875 долларға сатылды.
Айта кетейік, «Титаник» өз заманында әлемдегі ең үлкен кеме болатын. 1912 жылдың 15 сәуірінде Атлант мұхитымен жүзіп бара жатып, су көлігі айсбергке соқтығысқан. Апат салдарынан 1,5 мыңдай адам қаза тауып, 700-і аман қалды.