«Бәсеке» атты жаңа комедиялық сериал түсірілуде.
«Хабар» телеарнасы телекөрермендерді осы жылдың желтоқсан айында жаңа отандық өніммен қуантпақ. Осы жолы телекөрермендердің назарына «Бас продакшн» киностудиясы түсірген «Бәсеке» көркем телехикаясы ұсынылады.
Кино желісі Қазақстанның ірі мегаполисінде тұратын ауқатты екі кәсіпкердің өзара бәстесіп, жайлы өмірден бас тартып, ауылға көшуі жайында баяндалады. Зәулім үйлері, қымбат көліктері, ұшағы мен яхтасы бар қалтасы бар азаматтар енді шалғайдағы шағын елді мекенде тіршілік етіп көрмек.
Бүгінде фильмнің түсірілім жұмыстары Оңтүстік өңірде жүзеге асуда. Сценарий желісі бойынша алақандай ауылға екі миллионер келеді. Яхта, көлік, ұшақпен қатынап, жерге табаны тимейтін қалталылардың өмірі енді қас-қағымда құбылып сала береді. Дәулетті кәсіпкерлер ауылда жүріп, бақыттың тек ақшадан тұрмайтынына көз жеткізеді.
Сценаристердің айтуынша, жердің қай түкпірінде болмасын жақсы өмір сүруге болады.
— Бұл фильм жақсы, сәтті, халыққа бір ой салатын, көңіл-күй сыйлайтын керемет дүние болатынына сенім мол, — дейді актер Бақыт Тушаев.
Айта кетейік, «Бәсеке» телехикаясын ағымдағы жылдың желтоқсан айында «Хабар» телеарнасынан көре аласыздар.