«Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалында ішкі істер департаментінің бастығы Мұрат Ұрұмханов қоғамдық қабылдау өткізді. Онда азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдады. Кеңес берді, кейбір түйіткілді мәселелерді тікелей өз бақылауына алатын болды. Мәселен, қабылдауға келгендердің бірі сыртынан жалған қолтаңба қойды деп шағымданса, бірі қылмыстық іске қатысты тергеу жұмыстары созылып кетті деп арызданды.
Сонымен қатар, «Қызыл ай» қоғамдық ұйымы тарапынан ұсыныстар да айтылды. Яғни, полицейлерді алғашқы медициналық қызмет көрсету курстарынан өткізу керек, — дейді. Мысалға, жүкті әйелдер босанып қалатын жағдайда қалай әрекет ету қажеттігін әрбір полиция қызметкері білуі тиіс. Департамент бастығы бұл ұсыныс маңызды екенін айтып, алдағы уақытта қарастырылатынын мәлімдеді. Жалпы, Мұрат Ұрұмханов жыл басынан бері 150-дей азаматты қабылдаған.