Талдықорған қаласынының құрылыс нысандары енді жаңа басшының жіті бақылауында болмақ.
Алматы облысының басшысы Амандық Баталов Талдықорған қаласында құрылысы жүріп жатқан бірнеше нысанды аралады. Бұл жұмыс сапардың басты мақсаты — Талдықорғанға жаңадан әкім болып тағайындалған Бағдат Қарасаевты қалада жүргізіліп жатқан жұмыс жайымен тезірек таныстыру.
Амандық Ғаббасұлы бастаған топ алдымен Талдықорған қаласының әуежайында болды. Өңір басшысы қала әкіміне әуежайды абаттандыру, жарықтандыру сынды бірқатар тапсырма жүктеп, бұл нысанның қала дамуында үлкен орын алатынын қадап айтты. Жұмыс тобы Қаратал өзенінің абаттандырылуымен де танысқан болатын. Облыс әкімі мұнда іске асып жатқан шаруамен де жете танысып, қаланы қақ жарып өтетін өзеннің жағалауын көріктендіруге қатысты өз ойын ортаға салды.
Орталық парктің жеке кәсіпкерлердің иелігінде болған бөлігінің қала меншігіне қайтарылуына байланысты облыс әкімі Амандық Баталов қала әкімі Бағдат Қарасаевқа келесі жылдың бюджетіне саябақтың осы бөлігін реконструкция жасау жөнінде тиісті ұсыныстар жасауды тапсырды.
Сонымен қатар, Амандық Ғаббасұлы «Жастар» саябағында болып, парктің абаттандырылуына қатысты бірқатар тапсырма берді. Бұдан бөлек, облыс әкімі бүгінде Талдықорған қаласында салынып жатқан Оқушылар сарайы сынды бірнеше нысанды аралап қайтты. Жұмыс сапары барысында Жетісу жерінің бас қаласы – Талдықорғанның ажарын арттыруға байланысты біршама ұсыныс алға тартылды.
— Мен бүгін қаланың жаңа әкімі Бағдат Әбілмәжінұлын ертіп, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен таныстырдым. Атқарылып жатқан жұмыстар ауқымы кең. Сондықтан Бағдат Әбілмәжінұлы қаладағы құрылыстың барысымен жете танысқаннан кейін бірден іске кірісіп кетуі тиіс, — деді облыс әкімі А. Баталов.