Әлем кинематографиясындағы ең сымбатты да танымал актер, дарынды режиссер, білікті кәсіпкер Ален Делон кеше 80 жылдық мерейтойын тойлап өтті.
Ол — «Адель продюксъон» кинокомпаниясының қожайыны. Миллиардтар мен жылжымайтын мүліктердің иесі. Шампан, көзілдірік, ерлер киімі, парфюмерия және косметика өнімдерін шығарып сататын өндірістердің құрушысы және қожасы. Асыл тұқымды жылқы зауытының негізін қалаушы. Сурет, қару басқа да шығармашылық құралдарының коллекционері.
Бірнеше буын кино көрермендерінің сүйіктісіне айналған, сымбатты актер Делонның шығармашылық жолы даңғыл. Ол 100-ден астам фильмде басты рөлдерді сомдап, көрерменнің жүрегінен ойып тұрып орын ала білді.
Кино өнерінде ол нағыз ер азататтың бейнесін аз сомдаған жоқ, кейде бақайесепшіл, суыққанды да болатын.
Бір жағынан қарағанда ол экранда өзін-өзі сомдаған сияқты- актер ретінде бас айналдырар жетістікке жеткен, ал бизнесмен ретінде қатал мінезі, кез-келген жағдайдан шебер шыға алатын қасиетінің арқасында бай-бағландардың алғашқы көшіне іліккен адам.