«Нұр Отан» партиясының қолдауымен 15-ші қарашада Қазақстан эстрадасы жұлдыздары мен спорт саңлақтарынан құралған командалардың арасында футболдан жолдастық кездесу өтеді. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл туралы 13 қарашада «Нұр Отан» партиясының Баспасөз орталығында өткен брифинг барысында хабарланды. Жолдастық кездесу «Нұр Отан» партиясы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі қолдауымен «ALASH-Production» агенттігі өткізіп отыр.
Қазақстанның эстанымал эстрада жұлдыздары «Ринго» тобының мүшелері Аян Бірбаев пен Адылжан Омаров, «ALASH-Production» агенттігінің атқарушы директоры Ержан Баянбаев қатысқан баспасөз мәслихатында айтылғандай, Қазақстан эстрадасының жұлдыздарынан құралған «Алатау» футбол командасы мен спорт саңлақтарынан жасақталған «Ұлы Дала Батырлары» командасы арасында футболдан жолдастық кездесу 15 қарашада «Астана-Арена» стадионында сағат 18.00-де өтеді.
Аталмыш іс-шара биылғы жылы ел абыройын асқақтатқан «Астана» футбол клубының чемпиондар лигасының финалдық бәсекесіне өтуі құрметіне арналады. Сондай-ақ ол жастарды саламатты өмір салтын ұстануға үгіттеп, спортшылар мен эстрада жұлдыздарына өздерін басқа қырынан көрсетуіне мүмкіндік береді.
15 қарашада «Астана-Арена» көрермендері футбол ойынымен қатар эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-конферт тамашалауға мүмкіндік алады.
Айта кетерлігі, «Ұлы Дала Батырлары» командасының сапында ҚР Спорт қайраткері, КСРО-ның 7 дүркін чемпионы, Әлем чемпионы Дәулет Тұрлыханов, ел батырлары Ермахан Ибраимов, Ислам Байрамуков, Данияр Елеусінов, Әділбек Ниязымбетов, Шалқар Жоламанов, Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров, Ұлан Рысқұл, Мұхит Тұрсынов және т.б ойнайды.
«Алатау» футбол командасының құрамында: «МузАРТ», «Арай», «Нұр-МҰҚАСАН», «RinGO», «Mysterions» топтары және Жұбаныш Жексенұлы, Тәуекел Мүсілім, Нұржан Керменбаев, Мэлс Сағат, Ғаділбек Жанай өнер көрсетеді.