Елімізде қымыз мен шұбаттан жасалатын эксклюзивті балмұздаққа сұраныс артып келеді. Астаналық кәсіпорын осындай ерекше дәмі бар өнім әзірлеуді қолға алды. Мұндай деликатес әзірге тек отандық тұтынушылар арасында ғана сұранысқа ие. Енді қазақстандық балмұздақ көрші Ресей еліне де экспорттала бастады. Табиғи өнімдерден ғана тұратын тәтті тағам қалай дайындалады? Азамат Нұрғожин балмұздақ жасау ісімен 6 жыл бұрын айналыса бастады. Алдымен цехта тәулігіне тек 50 келі тәтті өнім әзірленген. Кейін «Даму» қорының қолдауымен кәсібін кеңейтуге мүмкіндік туды. Балмұздақ жасайтын техника Италиядан әкелінген.
Балмұздақты жасауға қажетті өнімдердің 90%-ы отандық. Жергілікті технологтар оған тіпті қазақтың ұлттық сусындары – қымыз бен шұбатты да қосады. Цехтан шыққан сапалы өнім тұтынушыларға бір күн ішінде жеткізіледі. Сол себепті оны ерекше әдіспен сақтау немесе консервант қосудың еш қажеті жоқ. Бұл тәсілді мамандар шетелден оқып, меңгерген.
Кәсіпкер 1,5 тонна балмұздақпен шектелмеймін деп отыр. Алдағы уақытта тауарының көлемін арттыруға күш салмақ. Өткен жылы қазақстандық тәтті тағам алғаш рет Ресейге экспортталды. Сапалы әрі дәмді өнім көршілес елдегі тұтынушылардың көңілінен шыққан.