Кеше елордамызда қазақтың танымал ақыны Несіпбек Айтұлының 7 томдық жинағының тұсауы кесілді.
Туындыға шайырдың 15 жасынан бастап жазған поэмалары, дастандары мен мақалалары кірді. Жыр сүйер қауым аталған жинақтың V томын ерекше атап кетті. Мұнда Несіпбек Айтұлы қазақ тіліне аударған Әлішер Науаидың «Ескендір қорғаны» дастаны шығарылған. VI томда ақынның журналист болып істеген кезеңінде жазған көрнекті мақалалары жарық көрді. Ал VII томда балаларға базарлық ұсынылған. Бұл кітаптан кішкентай оқырмандарға арналған өлеңдерді табуға болады. Барлық келушілер кеш иесіне құттықтауларын жолдап, жылы лебіздерін білдірді.